Өлеңдер ✍️
Тың тарланы
I
Мөңкиді долы Днепр
Жарылған снаряд, бомбадан.
Жөңкиді толқын Днепр
Жауынгер жүзіп, жалдаған.
Жосадай қызыл қайың, тал
Жаралы солдат қанынан.
– Жойыңдар! – деген жарлық бар
Жауларды Днепр маңынан.
Селдете оғын себеді,
Жау біткен арғы жағадан.
Шошынтар мүлде денені
Оңды-сол оқтар сабаған.
Түн еді тастай қараңғы,
Ар жақта қару қоймасы.
Жағада күші бар әлі,
Жаулардың мәлім айласы.
«Қойманы өртеп, дзот та
Өшірсін, деген үндерін!» –
Бұйрық бар келген взводқа
Белгілеп қойған күндерін.
Ол үшін... арғы қабаққа
Қажет-ақ жету қалайда.
Қолдағы қару-жарақ та
Сақталсын! Бәрін абайла!..
Қаруын көкке көтеріп
Бір қолмен Даниил жүзеді.
– Абай бол! Қалма жөтеліп,
Аңдыған жаулар сезеді!..
Тымық түн тастай қараңғы,
Мұп-мұздай өзен толқыны.
Солдаттар жүзген санаулы
Жылжыды сақ боп сол түні.
Тінткілеп сәуле өзенді
Оқ сеуіп жаулар жатады.
Тайғақ бір кешу кез еді
Сиреген солдат қатары.
Жасырын жармен жағалап
Келеді суыт солдаттар.
Сақ басып, бәрін саралап,
Қойманы бұзып-жармаққа.
Жолбарыстай боп атылып
Ың-жыңсыз жойып күзетін,
Жарғышты әкеп ақырын
Өткерді Даниил міндетін.
...Таң алды болған мезетте
Бұрқ етті қойма аспанға.
Жоқ болды мүлде күзет те –
Шабуыл оқыс басталған.
Сарбаздар алға уралап,
Жосылды: Жеңіс үшін! – деп.
Азан да қазан болды алап
Куә боп ерлер күшіне.
II
Взводтан тірі қалғанның
Ішінде біздің Даниил ер.
Ақтады ол асыл арманын,
Ер ұлын ертең таниды ел!
Бес тармақ алтын жұлдызы
Омырауға өршіл жарасып,
Аңыз боп көпке жүрді өзі
Киевтен түу-түу әрі асып.
Даниил үшін батырлық
Біткен жоқ еді мұнымен.
Жорықпен таңды атырып
Көз ілмей жүріп түнімен.
Келеді қалың тоғайда
Арбаға жеккен аты бар.
Жолсыздан басқа жоқ айла,
Қарулар, құпия хаты бар.
Келеді төртеу сақ қарап
Жайымен жылжып аяңдап.
Қолдарда суық автомат,
Шаршаса сәл-пәл аялдап.
Жылжиды баяу кештетіп
Ал күндіз жүру қауіпті.
Фашистер аңдып ес кетіп,
Бір тұста іздеп тауыпты.
Бұрқасын атыс шағында
Төртінші солдат ығысып,
Жоғалды жаулар жағына,
Жүр екен көптен ұғысып.
– О, найсап! Сатқын екен ғой!
Кеше түн барлап келем деп,
Кеткенде, хабар еткен ғой
Қалып ек сонда елеңдеп.
Есімі Остап болатын,
Қит етсе тулай тұтанып.
Бұлқан-талқан боп қалатын,
Взводтың болған жұты анық.
– Атты айда, дереу атты айда,
Екеуміз жауды бөгейік! –
Деп басты Даниил айқайға
Барады фашист көбейіп.
Атыса жүріп орманда
Жандәрмен ізін жасырды-ау,
Үшеуі енді арманда,
«Айласын сатқын асырды-ау!»...
Келеді күндіз аялдап
Ат-арба жеккен үшеуі,
Жылжыды түнде баяулап,
Тек сатқын... ойға түседі.
Екінші апта дегенде
Жететін түс та таянды.
Бір оқшау үйге енгенде
Қария шошып оянды.
Қорықа көрме, қария,
Жау емес, біздер достармыз.
Тынықсақ деп ек азырақ
Тілегің болса қостармыз.
Кемпірді жалғыз тауыпты,
Фашистер атып кетіпті.
Шетінен қырып тауықты,
Торпақты азық етіпті, –
Сөйлейді қолы дірілдеп,
Сөйлейді жасқа булығып:
Не болды менің күнім? – деп
Қуара өңі бұзылып.
Аламыз жаудан кегіңді,
Сабыр ет, шыда, қария.
Алаңдатып бір көңілді
Тұрғаны төтен шаруа.
Болады әлі-ақ сиыр да,
Болады әлі-ақ бұзау да.
Жеңеміз жауды жуырда,
Халі жоқ енді ұзауға.
– Рақмет! – деді шал сонда
Жортқанда болғай жолдарың.
Сопа бас жалғыз қалсам да,
Сендермен бірге арманым.
ІІІ
...Келеді үшеу жаяулап
Сүйреткен арба, қажып ат.
Сәл секем алса баяулап,
Тынығып алып азырақ.
Межелі жерге таянып
Қалғанда,
жойқын атыстан,
Фашистер қанға боялып,
Серейіп құлар әр тұстан.
Айқаста мерт боп достары
Келеді Даниил жалғыз қап.
Көкейде парыз, жоспары,
Аңдыйды жаулар андыздап...
...Үстінде шоқпыт киімі
Кездесті біреу бейсауат.
Қажыған, түскен иіні
Келеді екен шаршап-ақ.
– О, найсап!.. Данииал таныды,
Япыр-ау, мынау Остап қой!
– Кешір! – деп сатқын жалынды.
– Қаруды дереу тастап қой!..
Қолынды көтер, қарабет,
Жоқ саған әсте кешірім!..
Қипыжық қақты, ол «ая» деп
– Жоқ, сатқын! Мынау шешімім.
Көтеріп басқа орманды,
Оқ даусы кенет гүрс етті.
Арамбез ластап сол маңды,
Денесі жерге дүрс етті.
Есен-сау жетті Даниил ер,
Ақталды артқан аманат –
– Батырын сендей таниды ел,
Ерлігі болған ғаламат! –
Осылай деді ақ самай
Құттықтап тұрып қолбасы.
Басталып ерлік тап солай
Өрілді алда жалғасы.
Омырауда алтын жұлдызы –
Ерліктің ерен аяны.
Риза болған ұл-қызы
Осылай өмірбаяны.
IV
Ерліктін ғажап аңызы
Шежіре болып қалатын.
Жалғапты жаңа маңызын
Куә боп енді дала – Тың.
Ғасырлар түрен тимеген
О, бозғыл далам, кең далам.
Моторлы ащы үнменен
Оянып болдын сен де алаң.
Шошынып іннен, ұядан,
Қиқулап құсың, түз аңы.
Сығаласа да Ай қиядан
«ДТ»-лар әні қызады.
Жоғарғы жақтан «қақсаған»
Қазақстанға жол жатты.
Шабуыл тыңға басталған...
Толқытты арман солдатты.
«Қасақы жаулар абайсыз
Жерімді тапай кіргенде,
Табанды қарып талай сыз,
Өткенмін Днепрден де.
Фашистің жығып жалауын
Оралғам елге жеңіспен.
Қалайша, қалай қаламын
Шақырса елім ер іске?!
Өзіммен бірге шиенін.
Алайын әсем ұрығын.
Есіме түссін жиі елім,
Тыңдасын Тың жер шуылын»...
Даниил солай аттанды
Жауынгер рюгзагымен.
Шығарып салды қарттар да
Украинаның әнімен.
Жеңілмен келмес жеңістер
Жойқын да лайсаң көктемде.
Күні-түні өрбіп өр істер,
«Тыңға!» – деп соқты от кеуде!
...Елу төртінші жыл. Көктем.
Тыңдағы совхоз «Дальныйға».
Украинадан кеп жеткен
Нестеренко Даниил да!
Шайқаста сонау сұрапыл
Өткенде кешіп Днепрден,
Соққыны беріп бұл батыр
Сұрқайдың сиқын кетірген.
Сол жолы батыр атанып,
Жұлдызды таққан алтыннан.
Шақырып тыңға Отаны
Аумаған сол бір қалпынан.
Баяғы Даниил... сол Даниил
– Кімдер бар? – десе,
– Мен! – дейтін,
Дарқан жан Даниил – зор Даниил
Тайсалу ешбір білмейтін.
Тракторға дереу от беріп,
Жүрмес деп сеңі өзеннің,
Түсіп те кетті күмп беріп
Өкініш өртеп өзегін.
Өкініш – анау машина,
Тасылмай қалған жанармай,
Ар жаққа – істің басына
Шығармай, сірә, болар ма-ай!
Қасқая тартып «ДТ»-лар,
Тасылып жанар майдағы.
«Уақыттан адам ұтылар!» –
Деді де қайта айналды.
Трактор – мұзда қырсықтай
Барабар сексен атыңа,
Жүргізді Даниил ұршықтай
Қабағы қату қалпында.
Қашанда болған тілсіз жау
Су менен өртің емес пе!
– Абайла!
– Тоқта!
– Батыр-ау!
– Ойбай!..
– Қап!.. әлде елес пе?!
Соғыста сағы сынбаған
Даниил-сынды Батырды
Мылқау мұз қақ айрылған
Тереңге қарай батырды!
Жағадан көріп «ойбайлай»
Тұрғандар
Налып, «Аһ» ұрды.
Жалмауыз жұтып қойғандай
Түбіне қарай «шақырды».
Секіріп сеңдер атқылап,
Шартылдап сынып көк мұздар,
Долдана түсіп, шатынап,
Ақ кебік атып, төкті ызғар.
Қапияда күшін құм еткен,
Даниилдің долы даусындай –
Күркіреп күндей мұз көшкен
Сенделді сеңдер таусылмай.
Жо... жо... Жоқ! Батыр өлмейді!
Ардақты адам аты оның.
Жанары жарқын сөнбейді,
Құлпытасының басына
Алтын күн бөгер шапағын.
Матросовтай кеудемен
Жаулардың жапқан дзотын.
Көктемде кегі кернеген
Көзінің көрдік біз отын.
Бетпе-бет келіп жауымен
Батыр ол нағыз белдескен.
Жылаған көктен жауынмен
Шықпайды мәңгі енді естен!
Арманы үшін халқының,
Аямай, үзген өмірін,
Бақыл бол, Даниил, жарқыным,
Ұмытар мәңгі сені кім?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter