Өлеңдер ✍️
Келемін аяғымды шыққа малып...
Келемін аяғымды шыққа малып,
Жатырсың туған өлке құтқа оранып.
Аруағыңнан айналдым, ата–бабам,
Осынау биіктікке шыққан алып.
Көрінген жусан ба екен, жалбыз ба екен,
Мұндағы жартас бөтен, тау-құз бөтен.
Жер беті, аспан асты кең жазира
Жанымды жай таптырған жалғыз мекен.
Ши ме екен, көде ме екен, қияқ па екен,
Бабамнан қалған қазына сияқты екен.
Төсіңе ат аунаған, мен аунасам,
Түк қалып, дәулет бітсе, ұят па екен.
Қараған, тобылғы мен селеу ме екен,
Түрімді ата-бабам көрер ме екен.
Келіп тұр Берікқарам, елік балаң
Мен үшін бір өзіңсің өлең мекен.
Асылым – Берікқара атақоныс,
Бересің келген сайын бата, қоныс.
Алқынып жеткенімде алыс белден,
Алдымда кең көсіліп жатады өріс.
Аршасы аластаған сол бір тауды,
Ақ самал тербетеді әрбір талды.
Ұйыған тыныштықтың бесігінде,
Қарсы алдым күміс шықтай мөлдір таңды.
Аспанға алтын сәуле жиек бұл маң,
Ақша бұлт тауға иегін сүйеп тұрған
Домбыра шанағындай осы бір тау
Обаны тастан соққан тиек қылған.
Жеткізіп біз білмейтін не бір қилы,
Ой салып тебірентеді көңіл миды.
Өткеннің құпиясын жайып салып,
Шертеді тау-домбыра қоңыр күйді.
Бабалар сендер де өттің, біз де өтерміз,
Жүз келіп, Берікқара, жүз кетерміз.
Басқан жер, жазған өлең, шерткен күй боп,
Ұрпаққа ізімізді іздетерміз.
Жүгірдік шешіп тастап жейдемізді,
Құтмекен, еркелеттің кейде бізді.
Тұрарсың осы қалпы өзгерместен,
Құдыққа сақтап біздің бейнемізді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter