Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  174


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Жүректі Шыңғыстауда шырайлы өрте...

Жүректі Шыңғыстауда шырайлы өрте,
Шықсам ғой қансонарға құмайды ерте.
Адамды бұл дүниеде қызықтырар.
Жүйрік ат, сұлу қыз бен шұрайлы өлке.
Қайнарым, Абыралым, Ақбиігім,
Іште бар шықпай жатқан от–күйігің.
Дегелең, Мыржық пенен Қарқаралым,
Ойымның тарқатасың нақ түйінін.
Бес Мейрам – Арғын ата тұқымымын,
Арғымақ мінген елдің құты мығым.


Шертпесем домбырамен шертпе күйді,
Ұстайды көкіректе ықылығым.
Мен де бір Қаракесек баласы едім,
Жанымнан өлең төктім қараса елім.
Дүниені жүрегімнен өткіземін.
Баса алмай сонда-дағы сана шөлін.
Мен едім текті ұрпағы Жүгінейдің,
Шетінен бабаларым ірі деймін.
Өзінен-өзі оралар көмейіме,
Алланың салып берген жыры кей күн.
Бірімін Бес Бошанның, Байбөрімін,
Қыздырған сөз дәуітін, ой көрігін.
Төрт түлік малдан тапқан ырыздығын,
Алаштың Алла сүйген жайлы елімін.
Руым сұрасаңыз – Қыдыралы,
Шырқаған, шарықтаған шымыр әні.
Бесігін қараөлеңнің тербетемін,
Болса егер алдымызда ғұмыр әлі.
Нағашым найза ұстаған Уақ болған,
Ертістің жағасына шұбап қонған.
Мінезі Күннің нұрлы сәулесіндей,
Шаттанса, қалың елге шуақ болған.
Тобықты–Көкше болған түп нағашым,
Өсірген асыл сөздің нық бағасын.
Абай–Көкбай қазаққа діңгек еткен
Құламас қара өлеңнің құтты ағашын.


Қанымда Қамбар-Жанақ мұрасы бар,
Жанымда Жанқұттының Нұрасы бар.
Сөйлесе ауыздыға дес бермеген
Қаз дауысты Қазыбек би құлашы бар.
Әні бар Әміренің әуелеген,
Күйлері Тәттімбеттің мәуелі әлем.
Бұлт болып күркіресем, Күн астынан,
Құйылып нөсер болып жауар өлең.
Төгілген Әсет ақын сыры бөтен,
Мәдидей найзағай боп тіліп өтем.
Қасымдай түнгі аспанда оттай жандым,
Жазбаған Төлеужанның жыры ма екем.
Туған жер, шабытымды шалқытуын,
Қарашы, жан–дүниемді балқытуын.
Сарқып іш сарайымнан келер ұрпақ,
Өйткені, бабалардың сарқытымын.
Тегімді білгеніме айыпты емен,
Жүземін толқынында қайықпенен.
Қазақтай қасиетті елім үшін,
Жыр болып жапырағымды жайып келем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу