Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  217


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Жол үстіндегі ой

Мен келемін тағы да жол үстінде,
Алдымнан ашылады өріс күнде.
Шегінуге мұршам жоқ, бастым алға,
Тағдырдың жазуымен келістім де.
Жолаушымыз, беу, қарғам, сен де мен де,
Жолаушылап Алып Жер дөңгелеуде.
Бағым деп біл шілденің аптабында,
Бір жұтым су табылса, шөлдегенде.
Жолыңды ашып уақыт сыпыра алса,
Ырыс деп біл өмірдің құты қонса.
Қайда барсаң онда бар, бақыт деп біл,
Біреу шыгып алдыңнан күтіп алса.
Сапарлардан табады адам шуақ,
Жолаушыға жолаушы жағар шырақ.
Жерде аққан су сапарда, қашан көрсең,
Аспанда Ай да барады жолаушылап.
Күн де кетіп барады күймесімен,
Тіршілік-ай, не деген үйлесім ең.
Бір жігіттің барады қолтығында,
Бикеш шығып түн ауа би кешінен.
Сапар, сапар, өмірдің сапар бәрі,
Тоқтамайды тірліктің қатал заңы.
Жүректі езіп, жанымды жаншып кетті,
Қариялардың сиреген қатарлары.
Ұлың болса, жалғасың, қызың болса,
Сәтті дей бер сапарың, Қызыр қонса.


Тірімін деп ойлай бер мәңгілікке,
Сайрап жатқан соңында ізің қалса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу