Өлеңдер ✍️
Ақындардың аққуы
Марфуға Айтхожаға
Туған елдің көгіндей елжіреген,
Туған жердің көліндей мөлдіреген,
Енді бірде айналып ақша бұлтқа,
Ақ орамал сияқты желбіреген,
Жүрегімді тербейді сол бір өлең.
Күйге айналып төгілсе күмбір әлем,
Туған жердің гүліндей үлбіреген.
Ай боп жайып кеш бата алақанын,
Аумай туған таң ата Сүмбіледен.
Нүрландырды жанымды бұл бір өлең.
Көк шалғыны майысқан белді көрем,
Ақ селеуді билеткен желді көрем.
Атажұртын аңсаған аруанадай
Сағым-сағым, сағыныш шөлді көрем.
Жанарыңа жас келер ол бір әлем.
Бір қазақты екіге бөлген заман,
Екеуінің біреуі өлген заман.
Бұлт астында буыршын мұзға тайып,
Күн соңынан ақ бота ерген заман.
Жүрегінді айғыздап тілгілеген.
Елес берген өткеннен бұл бір өлең.
Ақ қайыңдай ырғалған нұрды көрем,
Құсжолынан сырға алған жырды көрем.
Мамық ұшса көрінген сүттей жарық,
Мақпал тымық мақтадай түнді көрем.
Қайталанбас, қайрылмас бұл бір әлем.
Мың бір тілде сайраған бұл бір әлем,
Сырын төгіп сиқырлы сыңғыр әлем.
Мың бір түнде көз ілмей елін ойлап,
Жазып келе жатыр ол мың бір өлең.
Қайғырғанда Ақтоқты сияқтанып,
Мұңайғанда Тоғжандай күй ақтарып.
Жымиғанда Жібектей көрінеді,
Көрсетпестен жылайды жырақ барып.
Нәзіктік пен сүлулық үлгісіндей,
Мәңгі жас жан көрмедім бүл кісідей.
Бір қарасаң Баянның жүрегіндей,
Бір қарасаң Сараның сіңлісіндей.
Тиме аққуға,– деуші еді,– киесі бар,
Ақынның да дәл сондай иесі бар.
Жүрегі бар аққудың ақындарда,
Келер ұрпақ, осыны жиі есіңе ал.
Білесіңдер қанша аққу атылғанын,
Білесіңдер қанша ақын “Аһ!” ұрғанын.
Еркін жүзсін өлеңнің айдынында,
Ақ қауырсын аққуы ақындардың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter