Өлеңдер ✍️
Ақиық
Сүйінбай Аронұлының рухына
Судан шыққан сүйрігім,
Желден озған жүйрігім.
Қызыл түлкі сөз ілген
Ақ қанатты тұйғыным.
Еліне бөліп әперген,
Тәңірдің берген сыйлығын.
Халқымен бірге көтерген,
Алланың салған бұйрығын.
Інжу-маржан жырымен
Жадында қалған милының,
Сүйінбай бабам тойында
Көмейіме қуат бер, Айым!
Көкейіме шуақ құй, Күнім!
...Ұясынан ұшқан торғайдай
Шырылдап туған өлеңім.
Сурет салып сөзімнен
Кестелеп бүгін өремін.
Сүйінбай ақын тұлғасын,
Сыйынып, сомдап беремін.
Бөрілі байрақ қолға алып,
Бөрідей жортқан ер едің.
Туғаныңа тұп-тура.
Жүз тоқсан жыл толғанда
Құлының болып желемін.
“Сүйекем!” деп сөйлейді
Жайқалған жасыл желегің.
Көк туымды көтеріп
Көгеріп, көктеп келемін.
...Дүрмекке түскен дүр, бабам,
Қатағанмен айтыста
Тұтастығын қазақтың
Ту еткен ақын сен едің!
Көзінде қалдың адамның,
Өзінде қалдың заманның.
Айтысқа шықсаң арындап
Қырандай көктен қадалдың.
Бүркіттей кейде шүйілдің,
Лашындай лезде түйілдің.
Найзағай болып жарқылдап,
Нөсер боп бірде құйылдың.
...Ақынбектің асында,
Ақындығың білінген.
Аузына елдің ақын боп
Жиырма бір жаста ілінген
Асыл туған, Сүйекем!
Ою ойдың тіліңмен,
Ояттың бұлбұл үніңмен.
Қазақ-қырғыз айналған
Қызыр қонған түріңнен.
Қарсы шыққан ақынның
Тізесі бірден бүгілген.
От шашқан алмас сөзіңе
Тезек төре жүгінген.
Сүйінбай келе жатыр! – деп,
Үлкен де, кіші жүгірген.
Алатаудай асқақ көріндің
Кешегі мен бүгіннен.
...Заманының өзінде
Жайылған аты Алашқа.
Қызылжар мен Семейге,
Сырдария, Таласқа.
Ақиықтың дабысын
Еділ, Жайық екі су,
Тыңдап аққан Жетісу.
Баянауыл, Шыңғыстау,
Қазығұрт пен Маңғыстау.
Арқа, Алтай, Ұлытау,
Құлақ асқан Қаратау.
Сол таулардың ішінде
Сүйекеңнің сеңгірі
Күнді сүйген дара тау,
Айды өпкен дара тау
Сондықтан ба, әйтеуір,
Сүйекеңнің жырларын,
Таудан аққан арқырап
Тас бұлақтан естідім.
Жағадағы балауса,
Жас құрақтан естідім.
Бұғымүйіз, Бесмойнақ
Гүлдері тұр жатқа айтып,
Өсіріпті шыңның басына
Шынар етіп қасқайтып.
Қанша өзен ақса да,
Қаншама жел соқса да,
Қаншама күн батса да,
Қаншама таң атса да.
Қазақы жырдың төрінде
Сүйінбай ақын – Алатау.
Оқысаң жүрек селт етер,
Жансыз жартас селк етер,
Түңлігі желп-желп, желп етер,
Жайлауына өлеңнің
Сүйекең тіккен Ақ отау...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter