Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  134


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Түн. Казгу қалашығы

Мынау КазГУ қалашығым,
Талай құстар қанаттанған.
Тауып тәтті жарасымын,
Жастық мұнда ән ақтарған.
Кешкі ауада күлкі ұшады,
Ұшады кеп шарықтап бір.
Жүректерді жыр құшады,
Бозторғай – ән қалықтап тұр.
Көкірегіме жыр тағайын,
Түртеді әуен тағы да ойды.
Желсіз түнде шырқады Айым
«Желсіз түнде жарық айды.»
Қайың ару тұрды арқамнан
Ұмытылған шумақты айтып.
Перде сырып бір балконнан,
Түн қойнына сіңді «Ақ бантик».
Жанарларға ақық тұнар,
Арман құшақ жайып тағы.
Бара жатыр барқыттылар,
Әуелетіп «Қайықтаны».
Өрте жастық өрті мені,
Алма ағашы бақта билер.
Алма-кезек шертіледі,
Шертпе күйлер, төкпе күйлер.


Көріп келем кешкі абатты,
Дауысымды тыңда менің,
Жатақханам бес қабатты,
Бес жыл сенде тұрған едім.
Мекені едің еліктердің,
Жырға айналды сол естелік.
Көріп сені көріктендім,
Елік қыздар елес беріп.
Көз алдымнан өтті айналып,
Сол кездерде әлем көші.
Өрік-жүздер өрттей жанып,
Өтті талай өлең кеші.
Бозбала едім ойға ғашық,
Құшағыңды жаясың ба?
Тұрған сәттер аймаласып,
Ақ қайыңның аясында.
Езуіме күлкі үйірді,
Еске түсіп соның бәрі.
Жастық атты бір фильмнің
Жүріп өтті кадрлары.
...Араладым қалашықты,
Жастық шағым өтпе, тегі.
Елес тұнған қарашықты,
Сүйіп алғың кеп кетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу