Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  129


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қатар жатқан екі көл...

Шарбақтыға келгенде,
Маралдыны көргенде,
Қатар жатқан екі көл
Қалып қойды зердемде.
Самалға кеуде ашсаңыз,
Алдымызда жеті бел.
Жеті белден ассаңыз,
Қатар жатқан екі көл.
Түсті есіме сағынсам,
Бірі – жылқы Тұздыкөл.
Саз-балшығын жағынсаң.
Балтыр ысып, қызды бел.


Ағыны жоқ, ақпайсың,
Түскен күннің шуағы.
Ортасына батпайсың,
Су көтеріп тұрады.
Дертке дауа шеті де,
Адамға, аңға, құсқа да.
Қабыршық мұз бетіне
Қатпайды екен қыста да.
Қыста суы қатпайтын,
Құдіретіне сенгенмін.
О, Тәңірім, батпайтын,
Қасиетті көл көрдім.
Мөлдір судан түзілді,
Екіншісі – Тұщыкөл.
Шаю үшін тұзыңды,
Толқынымды құшшы дер.
Көлге жайдым құлашты,
Қүшағым да сыр ашты,
Қатар жатқан екі көл.
Бірі – тұщы, бірі – ащы.
Екі көл боп көріндің,
Беу, табиғат, күштісің,
Сездіргендей өмірдің
Ащысы мен тұщысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу