Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  195


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Тұғыр

Сендей ел жоқ мынау Жердің бетінде
Қазақстан – сенсің менің аспаным,
Сенсің менің таусылмайтын дастаным,
Бұлағыңдай бүлк-бүлк еміп төсіңді,
Еркебұлаң сапарымды бастадым.
Көркем ұлан болып аштым кеудемді,
Самалыңнан қуат алды жас тәнім.
Мейірім етіп жидым ылғи бойыма,
Сенен алған шуағымды шашпадым.
Табанды етіп тауың мені шыңдады,
Табаныма тиіп тарғыл тастарың.
Нұрға оранып жаттым сенің қойныңда,
Қалғығанда шалғыныңды жастандым.
Сендей жер жоқ мынау Жердің бетінде,
Көрген жоқпын сендей сұлу, жер керім,
Көлбеңдеген көк көйлекті көлдерің,
Аққу жүзіп суға салған өрнегін,
Аймүйізді арқарларын асырған
Айқұш-ұйқыш, алтын кемер белдерің.
Теңіз де бар толқындары жар соққан,
Өзен де бар мұхиттарға қарсы аққан.
Әрлі-берлі жүйткіп жатқан жолдар бар,
Жолаушысын ертелі-кеш шаршатқан.


Тауларың бар ауылдарды қаусырған,
Шындарың бар ақ бұлттарға шаншылған.
Сенің мидай жазығыңды сағынып,
Шалғай кетсем бар шыдамым таусылған.
Қорғаның бар, тал көмкерген сайыңды,
Орманың бар қарағайлы, қайыңды.
Оғыздардан Ай нұрымен жеткен сөз,
Аңыз бенен ақиқат боп жайылды.
Сағым құшқан далаң да бар көсілген,
Шежірелер, құпиялар шешілген.
Арғы бабам құлпытас боп сөйлейді,
Арғымақтар қарғып аққан төсіңнен.
Сендей ел жоқ мынау Жердің бетінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу