Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  157


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Қоңыр үйрек

Қалмастан тілсіз жауға жаны күйреп,
Каперсіз, су бетіне салып ирек,
Көрдім мен, кетпейді әлі көз алдымнан,
Уланған көлде жүзген қоңыр үйрек.
Қоға да, жағадағы қамыс та улы,
Қосылған бұлақтағы ағыс та улы.
Балапан кезінде-ақ бұл үйректі
Дегелең дүмпулермен таныстырды.
Тұратын қалың қамыс бүркеп, қорып,
Өсті ол көл бетінде үркек болып.
Биікке ұшушы еді бір кездері,
Шалдығып, соңғы кезде жүр көп қонып.
Мойылдай жанарына нұр сіңді Айдан,
Қалайша у сәулені жусын бойдан,
Саржалдың сағымына жүр шомылып,
Қайнардың қасіретін білсін қайдан?!
Көзінен, үңілген жан, мұңды көрер,
Оны бір көрген адам шындық өрер.
Өн-бойы сәулеленген қоңыр үйрек,
Өлсе де, туған көлге сүңгіп өлер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу