Өлеңдер ✍️
Шошала
Жастық оты лаулаған,
Маған ыстық осы ара.
Мен пәтерге жалдаған
Бар еді бір шошала.
Таулы қырат. Алматы.
Табалдырық. Босаға.
Жастығымның жәннаты,
Бар еді бір шошала.
Бойдақ күндер жалғасты,
Таптырмайтын тасада.
Үйім еді алғашқы
Аядай тар шошала.
Тайсия апай шырағы,
Шалқиды екен не күйде?!
Жалғыз өзі тұрады,
Көп бөлмелі кең үйде.
Орыс кемпір иесі,
Сүйенеді қашаға.
Сол кемпірге тиесі
Мен тұратын шошала.
Ел билеген кезекпен,
Патшалар да соныкі.
Есік пенен терезе,
Топсалар да соныкі.
Мен төлейтін пәтерге,
Ақшалар да соныкі.
Алма ағашы майысқан,
Бүлдіргені қайысқан,
Бақша-бау да соныкі.
Қымтырылып, қысылып,
Өтем үйдің қасынан.
Үйім жоғын түсініп,
Шошалама асығам.
Ғашық дертке ең алғаш
Дауа болған босаға.
Жүргенімде жалаңбас,
Пана болған шошала.
Сүйгеніме бауынан,
Жидек теріп бергенмін.
Сол бір шақты сағынам,
Мөлдір өлең өргенмін.
Әуендері жалғасты,
Небір әсем саздардың.
Сонда отырып алғашқы
Кітабымды жазғанмын.
... Күн артынан күн өтті,
Жылдар ұшты қанатты.
Жарып шығып түнекті,
Қазақтың да таңы атты.
Өз жолымды таптым ба?!
Сайрап жатыр іздерім.
Өтіп бара жаттым да,
Шошаланы іздедім.
Көкірегіме салған от,
Баяғы ескі күй де жоқ.
Бақша менен бау да жоқ.
Шошала мен үй де жоқ.
Өткен шақта қалды ма?
Сол шошала, сол бір үй.
Күреп тастап орнына,
Салып жатыр зәулім үй.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter