Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  175


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Алтай

Әр үйге өр Алтайдың құты келіп,
Бәйгеде атымызды үкіледік.
Шомылып Ерке Ертістің толқынына,
Алтайдың өстік біздер сүтін еміп.
Кеудесін кербұғыдай керген Алтай,
Жау шапса, айбарымен жеңген Алтай,
Батырдай дулығалы төнген Алтай.
Ағу Алтын йышым – Алтын тауым
Күлтегін, Тоныкөкті көрген Алтай.
Беу, Алтай, бабалардан қалған Алтай,
Қазаққа алтын бесік болған Алтай,
Қиын кезде шығарып салған Алтай
Азат күнде қарсылап алған Алтай.
Самырсын, қарағайлы, сырғалы Алтай,
Жидегі орманында тұнған Алтай.
Кеудесін оққа төсеп бір заманда,
Қазаққа қалқан болып тұрған Алтай.
Жоқ кезде қайыңын да сауған Алтай,
Оқ болып ата жауға жауған Алтай
Ағылған эшелонға тиеліп-ап,
Соғысқа қару болып барған Алтай.
Көрмеген әрбір жанға арман Алтай,
Биікте бақ жұлдызы жанған Алтай,
Қорғасын, мыс мен мырыш, алтын-күміс
Қойны-қоншы бай кенге толған Алтай.


Еліне бауырында өскен сенген Алтай,
Тағдырдың салғанына көнген Алтай,
Таусылмас қазына етіп, нәсіп етіп,
Құдайым қазағыма берген Алтай.
Қар басын ақ сәлде бұлт шалған Алтай,
Құзына Ақиығы қонған Алтай.
Бейуақ мұзарт басын мұнар басып,
Кейуақ қалың ойға шомған Алтай.
Жасанған сәукелелі сұлу Алтай,
Төгесің жарық Алтай, жылу Алтай.
Аузыма асыл сөзді сен сыйладың
Ешқашан таусылмайтын жырым Алтай.
Сенде бар тілім, ділім, салтым Алтай,
Ұлтымның алтын тәжі – Алтын Алтай.
Мәңгілік қазақ саған қорған болып,
Қорған боп сен тұра бер халқыма, Алтай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу