Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  177


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Тараз аруына

Ей, Тараздың аруы,
Нені ойлайды періштедей жүрегің,
Нені айтқысы келеді екен жанарың?
Мен ғұмырды дәл осылай сүремін,
Дәл осылай сүре берем,
қарағым!
Хафиз айтқан қос шаһарды елемей,
Маралтайдың жырына да таңғалмай,
Ақындарды сыйлап кейде төредей,
Мойындамай қалам кейде аңғалдай.
Ей, Тараздың аруы,
Саған өлең оқып бергім келеді,
Себеп етіп көктемгі бір жаңбырды.
Боқтап-боқтап тастағым да келеді,
Сені де ертең сынайтұғын тағдырды!
Мендік ғұмыр- өзгертпеген күзгі өңін,
Сендік ғұмыр- ертегімен шектелу...
Мұңайтады сені ертеңгі күндерің,
Мұңайтады мені өткен- кеткенім...
Бұның бәрі- махаббаттың жанры,
Бұның бәрі- бәрі қайғы, бәрі мұң...


Ей, Тараздың тал мүсінді аруы,
Мен өзімді іздеп жүрмін әлі күн,
Сен ештеме іздемеші, жарығым,
Солай болсын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу