Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.09.2022
152
Мен сені сүйем
Миымдағы миллион күдік түнекпен,
Жайлау қонып жататұғын жүрекпен.
Тамшы болып ағып түскен ерменнен,
Қыстау исі бұрқыраған кеудеммен,
Мен сені сүйем.
Анам үшін алаңдайтын басыммен,
Далам үшін тамып кеткен жасыммен,
Сан мұңдарға сартап болған санаммен,
Ауылды ойлап жылап тұрған жанармен,
Мен сені сүйем.
Көктемдегі ең алғашқы шуақпен,
Қиялдағы ең аяулы мұратпен,
Еш нәрсеге сенбейтұғын сеніммен,
Тозып біткен ескі жаға- жеңіммен,
Мен сені сүйем.
Ешкімге де ренжімейтін көңілмен,
Ешкімге де керегі жоқ өмірмен,
Еш әлемге шектелмейтін көлеммен,
Ешкімге де арналмайтын өлеңмен,
Мен сені сүйем, Күнім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter