Өлеңдер ✍️
Ортажүрек
Жайлауда Ортажүрек дейтұғын тау бар еді,
Орап ағар өзені саумал еді,
Біздің үй сол жүректің бауырында,
Сол жүрек жетелеген алға мені.
Дариға- ай, ол бір мекен шүлені бар,
Дариға- ай, ол бір мекен сүреңі бар,
Дариға- ай, қалай ғана сағынбайын,
Ауылымды тулаған Жүрегі бар!
Ортажүрек, сағындым, тұманыңды,
Орта жүрек, сағындым мұнарыңды,
У да шу бұл қалада, сағынамын,
Ұларшу боп ұшатын ұларыңды.
Бармас ел боп сол тауда қалмас ел боп,
Ауыл қалған арманын нарға теңдеп,
Алатауға қараймын қайта- қайта,
Алматының жүрегі бар ма екен деп!
Жайлауымда бір тау бар Ортажүрек,
Соны ойлаймын, көңілім қалса жүдеп,
Мен өзім бара алмадым, Ортажүрек,
Сен өзің келмейсің бе, Ортажүрек?
Ортажүрек, ізде сен тау ұлыңды,
Қолқа жүрек езбе сен бауырымды,
Мен барсам, сағынышымды ала барам,
Сен келсең, ала келші ауылымды!
Күтемін, көңіл жара, жаным алаң,
Сен келсең, қалады рас жаным аман,
Тілім- тілім жүрегімді лақтыра сап,
Мен сені орнына салып алам,
Ей, Ортажүрек- қолқажүрек!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter