Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  135


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Еңсемдi басып...

Күз желi тисе буыны қақырап барып,
Ләззаттан құлап жатады жапырақ талып.
Қираған ғұмыр, қырқылған қасiреттермен
Қиялды жамап келедi атырап та анық.
Түңiлсем маған бұл жалған – аңдыған жыра.
Жалғаннан кетсем онда да қаңғырам, жүдә.
Өз басым сыйса бақиға,
әкетер едiм
Жанымды және жанашыр домбырамды да.
Өртенiп кетсем iшiмнен жанғанда ғалам
Жанымнан түтiн будақтап заңғарға барам.
Ол жақтан жауым iздесе,
Бақиды да өртеп,
Панасыз қалсам мәңгiлiк, таңғалма маған.
Құдайдың қызы болса да ертеңгi ғашық,
Әзiрге жан жоқ сырымды шертер бiр ашып.
Жүйкеме мiнген әлдебiр сиқырлы салмақ
Еңсемдi басып келедi,
Еңсемдi басып.



1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу