Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  243


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Топан су

...Елдің екі облысқа қарасты шығыс
аймақтарын топан су қасіреті жайлады.


 


Хақтың ісі мезгілді сайқал етті.
Қалғып кеткен сананы сайтан өпті.
Жоғарыға бөгетсіз ел сенімі
Жоғарыдан бөгетті жайпап өтті.
Жұттан кейін жалт еткен жарық күнді
Құшамын деп құлаттық алып мұңды.
Мұң бетінде тағдырлар қалқып өтті
Каспидегі уланған балық сынды.


Қырсық болды қазақтың әр қадамы,
«Протондай» бастан бұлт тарқамады.
Селге айналған бұл топан шерге айналды,
Көрге айналған шахтадай Арқадағы.
Жанашырлық болғасын жырақ мүлде
Боздағыңды жоқтайсың жылап кімге?
«Голощекин» сұсы кеп тағы айырды
Он мыңдаған түліктен бір-ақ күнде.
Табиғат та қызғанып былықты ішкі
Ақиқаттың тағдырын құлып қысты. –
Жәнтікейдің сұмдығын көрмесін деп
Жолдан Боғас көпірін жұлып түсті.
Қызылағаш құрсауын көкке ұшырып,
Көпірлердің қаңқасын шетке ысырып,
Су екпіні басына алды азаттық
Пенделіктің ісіне көп қысылып.
Жаратқасын билікті «ержүрек» қып,
Жамағатты жылаттық, елжіреттік.
Снярадсыз талқандап ауылдарды
Әділеттің «ақ туын» желбіреттік.
Басылмайды шындықтың енді екпіні,
Барды ескертті мезгілдің меңдеп мұңы.
Жалған шара тарихты көме алмайды
Тауысқанмен боздақты жерлеп түбі....
Жасағанмен Ұлыстың құрбандығын,
Әр тұсында елімнің ырғалды мұң.
Енді білсек кеш емес,
Ұлт тағдыры
Қыл көпірдің үстінде тұрғандығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу