Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  171


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Көлеңкесін терлеткен салмақтылық...

Оралхан Бөкейге



Көп қаңғып ем,
Орағаң жұмысқа алды.
Көшедегі көп жиын, ұрыс қалды...
Күнде өзімді сабайтын қызбалық та
Мысына оның тұншығып тынышталды.
Қорғасынын Алтайдың көзге өңгеріп,
Ойын бірге теңшейтін безбенге өріп.
Қас-қабағын бүркеніп,
Амандассаң,
Аңдамайтын таппаса сөзден көрік...
Тірлікке ол да ар деген шекті ұсынып,
Мезгіл сынын сапарда шетке ысырып,
Ыстығынан Делидің лап етті де
Жанып тұрып жарыққа кетті сіңіп.
Тұзға айналған тағдырын мұң қақтады.
Мың қақталған тарихқа құндақтады.
Мұзтау жаны жібімей қалды қатып,
Өртеп бара жатса да үнді аптабы.
От сезімге балқымай қорғасыны,
Аяқталса ардың да қолда сыны,
Кенді Алтайдың елес боп алмас ұлы
Пенделікке кезеніп қалды асылы.


Сұм тірлікке аштырмай жан-құлыпты,
Тұншықтырып іштегі жаңғырықты,
Сол кеткеннен «Өз отын өшірмеді...»,
Құшағына қысты да ол мәңгілікті.
Шаңдатқанның өзіне шаң қаптырып,
Парасаты ұшпаққа самғатты іліп.
Тартылыстар заңымен кетті үйіріп,
Көлеңкесін терлеткен салмақтылық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу