Өлеңдер ✍️
МАТЕРИЯ
Жолдас,
Ева-Люция Рев Вол-юция ұласып!..
Қызыл Елес үшін неге төбе шашыңды жұласың? Сол
бір Елес бар болса егер,
«Бар жоғалып кетпейді!..»,
күні ертең-ақ сенің күсті алақаныңда көктейді...
Біздер «гомосапиенс» кезімізден білгір ек.. Ал,
мен өзім, мысал үшін, альфа жылы, игректәулігінде туыппын да...
Кейін, икс-бесінде
(омега жылы) қайтыс
болам.
Соным үшін кешіңдер.
Айтпақтайын,
мына біздің болмысымыздың жұмбағы –
кәдімгі әлгі Менделеев таблицасындағы
элементтер жиынтығы.
Солар – ішкен, сүйіскен!..
Өлгеннен соң, ыдыраймыз қалайы мен күміске...
Еһ, қандай ед электромагнитті армандау! Таңғажайып
болашаққа сүтпісірім қалғанда, тұрмысымызды түзеу
үшін қайта оралдық, біліңіз. Қарыштаған қызылтулы
қайыршылық түріміз
«Біріміз үшін – бәріміз!» – деп, «бәріміз үшін –
біріміз!»...
«Тойдағы тост» дейміз бе оны Тарихи Сот Күні біз?
Әйтсе-дағы,
Қызыл Елес (жадымызды қаритын!)
өшпек емес!
Кеше сен де мемлекеттік фәниді
шабыттана жырлап едің,
сонда қаламақыңа
кепкен балық сатып алдың.
Оныңды кім оқымақ?
Оны мына біз оқыдық: өлі
балық сырамен кетті
ішіліп!...
Өлөң қайда?
Оны да дәл мына мен
айта аламын,
әжетхана шындығына жуықтап:
Өлөң шіркін азоттана,
химиялық қуықтан ағып
кеткен...
Құдай үшін, енді ол жақты нұсқатпа.
Шабыт буы, заң бойынша, шығып кетсе ұшпаққа,
Қызыл Елес ертең тағы жасылдана көрінер:
құдайлықты құртып болған кілең құлдар еліне!
Ал, ғылым ше?
Өркендетсін организмдер кейінгі.
Біздер анау кваркадрон құрсағына дейінгі
жылдамдықты санап қойдық!
Ұмтыламыз тағы алға!
Өйткені, Ойдың өзі дәйім ақша менен тауарға
айналады!
Сондықтан да, төрт жүз сексен минөтті
«соцжарыстың өлшемі» деп өзгені де үйреттік.
Сонсоң, мейлі, қыдыра бер физиканың заңымен.
Ал, өкініп жылай қалсаң,
рефлексокәнігі ел
«имперализм шпионы!» деп те қалар. Ол
– шындық.
Қайтсін олар көзіңдегі минералды тамшыңды.
Сөйлемеші,
Елге деген сенің антиқалпың бар!
Партиялық съездердегі кардиограммалық толқындар
кәлләм іші – нуклеинбелогымды қызартып...
Бірге туған қарындастан комсомоли қыз артық!..
Советтенген жадымызда:
мәжілісхат – парақтар, көсемдердің туған
күні,
«бесжылдықтар»!.. Арақ та
Жұмысшы мен Шаруа аңқиды!.. Тұрмыс
солай үйреткен.
Арымыз да әлі талай алуан супербилетпен
безбенделер, жолдас-мырза.
Көрсетпе сен астамдық.
Баяндырақ болу үшін кілең құлдық Бостандық,
партиялық ұйымдарда жанып тұрған Жанымыз
жарылғанша күресеміз, орден-медаль – бәріміз!
Менде тағы бір Елес бар. Бар
болған соң, ол да енді
жоғалмайды!
Тек әзірше құр кезіп жүр бөлмемді. Мәселенки,
ертеңдері әйтеуір бір өлем мен: плюс-минус
жұлдызданған ет-сүйекті денемнен
элементтер ұшқын атып, Жер мен Көкке кеткенде, сол
бір Елес соңғы оттегін тұтандырып өкпемде,
қанымдағы соңғы қызыл түйіршікке Күн тиіп...
Ақымақтау жусан болып, қайта өсемін қылтиып!
Әне, менің ел зарыққан Мәңгі Өмірді сүйетін
ғұмыр бойғы эволюциялық – революциялық Ниетім –
топырақтан жаратылған өсімдіктік реті
түрден түрге көшіп жүрер құбылмалы Жүйе-тін. Демек,
әлгі, жусаниялық құштарлығымның Обалы –
жалмаңдаған Жануарияның тұмсығында жоғалу?!.. Яғни,
«Боққа айналу» деген сөз бар, боқ тілде!
Кійе де жоқ!
Аруақ та жоқ!
Періште де жоқ мүлде!
Тым құрмаса, Түлен де жоқ, түртіп ойнар көңілді!..
Тфу-у!.. өйткен жанталасы құрып кетсін өмірдің! Олай
болса,
тозбай, сынбай, ыдырамай, буланбай,
не шірімей я болмаса жанып кетпей тұрғанда,
жұлдызданған Аспанды да (барлығынан жоғары) жұмыр
Баспен дар-р еткізіп жыртып шығам мен әлі!!!
* * *
Әй, аңғал-ай,
жұлдызданған Шексіздіктен нені ұқтың? Менің жазу
дәптерім мен сендегі әсем көріктің төбесінен Күн
шығарып қойған екен бір Мықтың! Көбелектің
өрнектелген қанатындай тірліктің көкейдегі лыпып
тұрған көлеңкесіндей боп жамалы, осы мына қызыл Күз
бен жасыл Күннің обалын хрустальдай қырлап көру –
көз арманы пенденің...
Өмір сүру – өле білу өнерін бек меңгеру?! Шындық
үшін пышақтаса ажалдарын күтпектер
өтірік үшін құшақтаса, тірі жүргендіктен де,
ішімізден Адам жылап,
сыртымыздан Жын күліп...
Музыканы сөндіреді тостағандар сыңғыры. Еркем
менің, есіңе алшы, қандай еді кеше күн?
Ертең де сол – есірік көз!
Ертең де сол – төсегің...
Ертең де сол – құлшылықтар құйып қойған тақ алтын
таланттардың бір-біріне тартылысын доғартып;
өң мен түсің шыр айналып, болғаныңда алаөкпе...
Соқыр соқпақ жұрт біткенді сүйрелейді дәретке.
Ел сан мәрте үлгерді ғой ысынып та суынып.
Ал, мен соңыра, Жарық Дүниеге ең соңғы рет жуынып,
қара сағым ойнап жатқан Ғайып жаққа беттерде,
бірер тірі Сөз қалуын тілеген ем дәптерде.
Ій-й, қу тұрмыс! Көз еті мен құлақ еті тым қалың,
менің бірер сөзім түгіл,
төбесінде Күн барын
байқамастан бара жатыр, қара нанын күйсетіп...
Оһ-һ, ол бүкіл Жаралыстың Түн екенін білсе еді!
...жап-жасыл Күн, жарықтық Күз,
жапырақтар жаңбыры...
Қара Ағашқа кез боласың, келе жатсаң қаңғырып.
Тамыры оның көз ашады Топырақ-Түн ішінде,
келер жасыл Күзі менен қызыл Күні үшін де!
Қайда сендік Топырақ-Түн?
Бар ма, жоқ па? Басқа ма?
Не болса да, көз жасыңмен көкейімді жасқама!
Бұл өмірдің мағынасын ел құбылтып сан-саққа,
пешенеңе емес бірақ,
кесенеңе қол соққан.
Намысының түп тамырын нан қызылы жайлаған
Көңіл
түрлі көйлек киіп, төсек ойынын ойнаған.
Менің де сол...
Тұрмысымның елесінің түр-түсін
қоршай жаншып тастағанда зиратымның кірпіші,
доғарармын, мағынасыз арбасуды ымыртпен.
Өмір жәйлі Ақ Ойларым (ажал демі тірілткен)
бұрын-соңды еш Ақынға, еш Өлөңге қонбаған!
Әттең, бәрін тілмен айтып жеткізе алмау – сор, маған:
бір-ақ түнде шаш орнына жусан қаулап өсетін
бірі –
− мыйды шымырлатқан Далам жәйлі Ес еді!!!...
Сен ғой, жаным, қайғы-зарды қасиет деп ырымда.
Анау шексіз Аспан Мәні ақыреттің Нұрында
оқылатын сияқтанып,... дертті болдым, шамасы?
Түпсіз Ұлы Қараңғылық (Жарық Дүние Анасы!)
құмар дерті буғандардың ғұмырын да келте еткен?
Құдайым-ау, айықтыра гөр біздерді ертектен!
Әйтпегенде, Жаралыстың кім ұққандай мұң-шерін.
Ән нұрына төсек жайып...
күйсетумен күлшені,
жұлдызданған Шексіздіктің үңілген ек түбіне,
жұтқыншақты жүгіртісіп, түсінбедік түгіне.
Сыртымыздан Адам күліп,
Ішімізден Жын жылап...
Ымырттағы сүліктенген дәретіме қынжылам.
Дәптерімде бірер тірі қалса деп ем Сөз қанық,
Тәңір бірақ көшірткен бе пешенеңе жазғанын...
Маған құмырсқа екеш құмырсқа да мынандай
бір Өлөң оқиды:
«... – ең әуелі, үнін естіп фәнидің,
көзіңді аштың.
Көзің нені танитын?
Фәни саған ән салады сызылта!
Көз етіңді қарымай ма қызыл тән?
− Оның ойыны саудагердің ойынындай.
Қаннан қызыл алмасы бар қойнында!
− Алмасында иісі бар ма тамыздың?
Ақылыңа балдай тәтті у тамыздың?
Тамыздың-ау!
Тамызғаның кім үшін?
Тынысыңның басы – құйын, түбі – су?!
− Солай шығар?... қара күлгін Жын ісі!..
− Жоқ, ол емес,
кәдімгі әлгі Жынысың
от құйылтып сендік қара кіндікке!..
Бармағыңды мың шайнайсың күндікке!
− Ал, алма ше, әлі де сол қойында?
− Алманы сен жеп қойғансың, мойында!
Саған солай мүйіз бітті... қорындың.
Аспан ғана көріп отыр оныңды.
Бес жалғанның құлысың сен. Сәл тыншы,
Құдай берген ессіздік бар алтыншы:
ысып-тоңып, естіп,
көріп, иіскеп, татып...
Құшып-күйіп!.. Тындырып!.. Жетіншісі –
дәретіңді сындыру!..
Аспан – Ана күнде дұға оқиды.
Үні қалай, естілмей ме Бақыйдың?
Сенікі тек – құлшыну да құлшыну!
Бақый саған айта қоймас шын
Сырын. Неше кілті бар сендегі
ырықтың?
Ұлы Аспанның ұлы едің ғой!
Ұмыттың?
Ұмыттың...»
... адам үшін құс жылап, ағаш жынданған Жер мен Көкте
Ұлы Даланың Қаны мен Жаны қоңырсиды, құжынаған моторлардан!..
«Мыстанкемпір Сыпыртқысынан» садаға кеткір ғылымы
жалмауыздықжолына түбегейлі түсіп алған бұл әлемнің барлық
қалаларындағы азап күндері ғажап!.. «АнурадхапураХ»?
«Арзамас-У»?..
«Көк тұман – алдыңдағы келер заман...»!
...нитрат-атразин-гербицид-бетанол-симазин-нитрафендиоксин-пестицид!...
Жалғыз удың мың түрі жасалынды. Құлқынымыз үшін
Ауа да өртелінді, Су да тұншықтырылды, От та өлтірілді. Біз
Оларды Топыраққа жерледік. Құсалықтан Топырақ та қайтыс
болды. Енді, Топырақтың Мәйітін қайда апарып жерлемекпіз?
Заққұм мен зәр ағаштары тәнін сорған сорлы Дала...
Оның да енді моласын компьютерлер
жобаламақ, шамасы. Басына бір белгі
орнату... саяси?.. Жұлып алып,
жүрегіңді қоясың? Әлде қалмау
керек пе осы дүрмектен? Сәуір айы?..
Жалған жұпар бұл неткен?
Әр бүршікте тілін тістеп бір Көктем
әлдеқашан өліп қалған, дірдектеп.
Алақанда қатпай тұрып дән аштан,
баяғыдай жыласа еді кәрі Аспан!..
Емшек еміп көрмей өскен «балашкаң»
химиялық булы сүтке таласқан.
Көрде ғана қалған шығар таза мұң?
Менде ғана – бұл әлемнің азабы?...
Тоя жұтып һауияның тозаңын,
құлпытасқа азанама жазамын?...
Бұл өмір не?
«Маутхаузен»? «Гулаг»? Тозақ?..
* * *
Шаған-ау, бір қиямет – әр күн, маған.
Сонау жаз есіңде ме, салқындаған:
Таулардың сарыны ескен саратанда
өлсе еді, саған ғашық қалпыңда «ағаң»!..
Даламның Кійесінің кереметін
өлсем ед, өлмейтұғын Өлөң етіп.
Өлмедім.
Өкініші көп жолға шықтым.
Өлмедім.
Өлуім-ақ керек еді!
Мұздатқан түн көмейін составтары, өтірікау, қала келіп дос тапқаным. Тағдырын
таспиық еткен мен – дәруіш, бір жаққа
жоғалармын, тастап бәрін!
Бастағым Сор да шығар, Бақ та шығар?
Бақыйдың ашылмайтын қақпасы бар?...
Мына жұрт ештеңені ойлатпайды, ойсыздық
тақымындағы Лақпа Шұбар!
Қу тұрмыс, назы – азғана, наласы – мың...
Дүние танытпады жарасымын.
Тірлігім – түгесілмес улы шарап,
түбінде бұлдырайды қарашығым...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter