Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  325


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ЫНДЫН

Хақ-Тәңірдің өртенулі қолжазбасындай күп-күрең
Іңір еді...
Келе жаттың күліп Сен.
Әр кәлләнің ақыретіне дейін ұзарған – Күн
мен Түннің алқынысынан қызарған
кәлимәні
күбірлейміз біз алдан.
Әлденелер әлденені пешенесіне сызарда дәл
осылай зарығушы ма ед Зарлықтар?..
Өңештермен (барлыққан)
кернейлеттік, сұлулығыңды мойындап.
Сен туралы томдар толы – қойындар...
Қолымыздағы балауыздардың түнек сауған кірпігі жас
назарлардың мөлдір-мөлдір бүртігін омырауыңа
бүріккен кезде...
ышқынып,
біз – бәріміз Ай көтеріп иықпен;
жасыл азан шақырысып биіктен; қол
шығарысып Ажалға;
жынды көбелектің майы сіңген ерінмен
жалғыз рет сүймек едік көзіңнен!..
Келе жаттың күліп сен, қарашығыңда
қара зәмзәм шүпілдеп! Біз онсыз да мас
едік қой өлердей!.. Біз онсыз да мас едік
қой өлердей!..
Сен дегенде – қанжар жүзі жып-жылы! Сен
дегенде – жылан тілі тәп-тәтті!
Сен дегенде – көрдің өзі жап-жарық!
Кілең ессіз, Аспан астын қақ жарып,
 табаныңнан сәулеленген соқпақтың
топырағын
айқайлаған түнгі қанмен суғарып,
ұяттарына жақпақ-ты!..
Алтын атып жолыңа,
жүрегіміз жерік болып тапаншалар оғына, еріп
кеткен екенбіз біз соңыңнан!..
Сен
сөлін сығып, жұлынымыздағы ырықтың, сүйреп
бізді қызыл түнек ішіне,
тән ұшынан жұлдызымызды үзілтіп... дәрет
сындыртып мешітіне Ақылдың; баскесердің етегіне
намаз оқуға шақырдың! Өзегімізге құйғыштап түн
аңқыған шарапты, келген екен бақайыңды
жалатқың...
Біздің әділ Үміттерімізді шекелі
Күдік ұрып тоқтатқан! Әттең, тым кеш
айықтық!.. Жанымызды еңіреткен бұл
Ойын тәніміздің пайдасына шешілді:
(Сен бәрін де біліп өттің,
күліп өттің албырап)
қарындыларымыздың мұрты қалды жалбырап,
дарындыларымыздың ұрты қалды салбырап...
Міне, тағы – күрең Іңір,
өртенулі қолжазбасындай Тәңірдің. Келе
жатырсың күліп Сен,
сымбатың мен сырғаң ғана өзгерген... О-о-оой!
Қандай әділ қорлық едің, Күнәһар!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу