Өлеңдер ✍️
ЫРЫМ
Онда – жалғыз соқпақ...
Менде – жалғыз соқпақ...
Екі соқпақ түйісіп... жаратылды нұрлы Жол!
Сол нұрлы Жол – іңкәрлік Тәңірісінің жұлыны!
Оны да
ашыққан
ұзын қара мысық аттап өтті:
бір көзінде – Ай нұры аңқыған сиякөк уақыт ұюлы.
Екінші көзіндегі қарақошқыл кейпімнің қарашығында –
қара бұрым айқайы бар!..
... жалғыз соқпақ қалыпты – менің қара соқпағым...
Мазақтың мас сайтанын арқалаған Азабымның төбе
шашынан
найзағай жарқылдады, топырақ ыңырсыды...
Қазір мыйымда ештеңе жоқ.
Шыбынның көкжасыл ызыңы да,
қап-қара Сөз де...
Түк те жоқ мыйымда.
Аспан да жоқ. Жер де жоқ.
Тек,
шетсіз-шексіз ирелеңдеген қызыл кеңірдектердің
көлеңкелерінің арасында келем мен.
Аяулымның көз жасынан мерт болған
құйттай қызғылт ұят құсы ғана жатыр, алақанымда.
Сыңар қанатында – бүкіл өмірбаяным жазулы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter