Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  158


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

СОЛ АЛҒАШҚЫ ҚЫЗЫЛ ҚЫЗ

Сен сыйлаған гауһар тастан құлақ түбі гүлдеген
Сәулең
сенің нендей хәлде қалғаныңды білмеген. Сендік
күрең күрсіністі бұрымына қоса өріп, жымиған да
кете барған, бойлап көкшіл көшені!.. Тоңазиды
ақыреттен алыс тұрған төсегің.
Тек жұлдыздар сызып жатыр тағдырыңның есебін.
Кітап қалды...
Айна қалды – елес өлген бетінде.
Түпсіз Түндей қарақошқыл ұлы Үрейдің шетінде
киімдерің жатыр еді, жөн-жосықсыз бүктеліп.
Көмейіңді жыбырлатып Сөздің қызыл түктері,
жұлыныңда миллион күдік жорғалап,.. көкірегіңнен
ұшып шықты кілең көксұр қарғалар. Жаназасын ел
тойлайтын ессіздіктің құрбаны – Сен
соларға ілескен ең, қарашадай сұрланып.
Нажағайлы бұлт бүлкілдеп мылқау ымырт ұртында,
қайдағы бір баспалдақтар күліп жатты сыңқылдап.
Бейуақтағы бақ ішіне (иісі аңқыған шілденің)
келіп тұрған сен емессің, құр әншейін сүлдерің!
Сәулең
ыстық қан ойнаған қызылтамшы ерінін тосып
отыр тынысына қызылмүйіз Перінің!
Өлердейсің, әл-қуатың тауысып... Қиянаттың
дауысы
қараңғыдан саған шылым ұсынды...
 Сонда барып Сұлуыңның сұмдығына түсіндің!
Бәрі бітті!..
Мұңлы ертектің сыныққанат үніндей,
ғұмыр бойғы өкініштің тұзы өртеніп тіліңде...
Тек жұлдыздар сызып жатты тағдырыңның есебін.
Тоңазиды ақыреттен алыс тұрған төсегің...
Осылайша құбылады опасыздау кешегің! Кешіре гөр,
ақымағым, бұл Өлөңнің өсегін. Сендік қайғы-қасіреттен
іздемейміз біз ермек. Кешірместі кеше тұрып, еңірерсің
тізерлеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу