Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  145


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ҚЫСҚЫ ТҮН ЭЛЕГИЯСЫ

Мына Түннің азабын-ай!
Арқа-басы қыраулы!..
Қансыз-сөлсіз ерінімен қалай-солай ұнауды
үйретпекші болды саған?..
Ал, шатырда мысықтар
ғашықтардың мұңлы әуенін сары аязбен ұшықтап...
Тау басында оқып отыр Ай бозғылтым дұғасын.
Онда нең бар,
жылар болса, тек бөрілер жыласын.
Дос сәлемі бар бұл Түнде...
Салмағы бар табыттың.
Жұлдыздардың көздерінен қараңғылық тамып тұр.
Тоңдың-ау сен...
Өлөң де енді марапатшыл, ақшашыл,
өтіріктерге суғарылған сөздерімен көкжасыл
Сені алдамақ,
жалыққан соң, арзан-арзан сүйістен.
Рас, оған Сен о баста жоламауға тиісті ең.
Енді, міне, кітаптарды ақтарады, мұңайып,
күлкісі мен күнәсі мол ажарлардың құдайы!
Ауылдың да иті үрмейді баяғыдай беталды. Қай
түкпірде отыр екен аңдып Сені қаталдық? Қар
күбірін жалап алып, қорқақтайды қос құлақ.
Мысықтардың алқынысы аяздан да аштырақ.
Жөңкіліп бір, бала кезгі кісінескен жылқылар
көрінсе ғой,
кетер едік ғашықтардың жұртына!..
Біз бұлайша қалш-қалш етіп жаурамаспыз ұдайы,
Шекесін Түн сорғылаған көңіл көзін жұмайық...


 * * *
Сен бар кезде бәрі де өзгеше-тін:
тереземіздің алдында бірбірімен
кілең аппақ кептерлер кездесетін.
Ертеңгілік ән аңқып әр сәбиден,
айналада әдемі самсап үйлер;
Бір Тәңірдің барлығын білдіретін
біздерге ортақ қос Көңіл дір-дір етіп,
пәктігіне мөп-мөлдір көз құлайтын!..
Соның бәрі «Жан» деген сөз құрайтын.
Сүйесің бе? – деп қиын сұрау маған...
Қыркүйектің кірпігі тыраулаған
күндер өтті,
қызарып, сарғыштанып.
Ақ жаңбырлар өршітіп Жан құштарын,
мейірімнен жұрт ешбір жаңылмаған!...
Сондай еді-ау Сен барда өмір маған!
Бұлттары да алмалы бақ аңқитын сол
бір күзді
Сен жалғыз маған қидың.
Келесі не?
Түсірші Сен есіңе?
Көкшіл түннің жап-жарық қауырсыны
көрінетін қаланың төбесінен...
Мен сол жерден Ай көрем бүгін енді,
матырылып ұйқыма кетер өшіп... Бәлкім,
жүрген шығармын қателесіп?..
Қазір – қаңтар. Кептерлер
бүрсеңдеген.
Ештеңені зауқым жоқ білсем деген. Бұл
 жәйт емес өз басым үшін қызық: қара
қардан жаралған қызыл күшік шәу-шәу
етіп, аяққа оратылар...
Сенсіз күйім осылай бола тұрар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу