Өлеңдер ✍️
КӨЗҚАРАС
Т. Ибрагимовке
Бүгінім менің, Бүгінім, бұл не
деген ұғынық?.. Жадымыз
Жерге төселіп, жанарымыз
Көкке тігіліп,..
Омыртқасының өзегін Түн кернеген ашқарақ –
көкірегімізде құбылады
қас-қабақ. Тек,
Сен менен ойлайсың да басқарақ:
желіктерін орталаған төсегімізді;
өліктерін арқалаған кешегімізді һәм
шын Өтірік пен
жалған Шындықты
азуының арасынан Тірліктің
тартқылайтынымызды;
тартқылай жүріп,
сап құрайтынымызды... Бәрін де,
бәрін де, бәрін де парадқа дейін
өткізетінімізді, жерлеуге дейін
жеткізетінімізді естірткің келеді
маған.
Мына Жарық Дүниеде,
мына Зарық Дүниеде,
«Адам Ата» Әулетінің жартысының
достыққа сенетіндіктерін;
жартысының мастыққа көнетіндіктерін;
тек,
данышпандар мен нақұрыстар ғана
жалғыздық көретіндіктерін; бұзылмай
сыртқы-ішкі рең, бұрқана жүрсек те
күштімен,
«Жұмаққа» апарар жолдың да өтерін «Тамұқ»
үстінен;
әр пақырдың да болатынын «маңдайына
жазғаны»; Сана кісінеткенде азбанын,
қызыл ішек пен боз қарын
Жан-дүние атынан, заманақырды қозғарын!..
немесе,
Ғашықтардың саусақтарында да көз барын
көрсеткің келеді маған,
көрсеткің келеді!
Өштік Сөздер (өкшелі), Өсек Сөздер (бөкселі)
таңдамайтындықтарын кекілдіні мен кексені;
жұмбақ Заңдылықтар мыйымызды тексеріп...
біреулердің жынданып,
біреулердің көксеместі көксерін... Қайда
баратынын білмей мұнша құл, жалғыз сәтке
жанарын бір жұмса Күн,
жүректерді соратынын қара сағым – Түнсағым... Адамзаттың Ақыл-Ойының бұл шағы
енді ғана бүлк-бүлк ете бастаған Мәңгіліктің
Құрсағы екендігін
ұққызғың келеді маған, тұтқызғың келеді маған!
Шыңғыртқың келеді маған, Бүгінім!
Бірақ,
тасып кетпесін деп, жасып кетпесін деп, қашып
кетпесін деп, естіртпейсің үнді, көрсетпейсің
ымды, ұстатпайсың дымды.
Мен соныңнан шошып кетем...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter