Өлеңдер ✍️
Поездағы періште
…Жаратпаса жаратпасын бәз бірі,
Әйел жайлы әңгіменің мазмұны:
Экспресс жаңбыр асты жүйткітіп
Алматыға сапар шектім жаз күні.
Нажағайлар жалаңдатып от тілін,
Қайсыбірде кісінейді көк-құлын.
Ұйықтап жатқан төмендегі сөреде
Жез мұрт шалдың танауына жоқ тыным.
Купедегі үшінші адам – келісті өң,
Ынтықтырды мәурітінде мені іштен.
Күн астында Күнікей қыз сыңары –
Жас мөлшері жиырмадағы періштем!
О, жастық-ай, әмбебапты әрлі күн,
Қызығыңның құмарына қанды кім?
Ұмыттырды бұл отырған үрзада
Серт байласқан сүйіктімнің барлығын.
О, жастық-ай, мәртебесі биік тым,
Аспаныңнан құш әуезді күй ұқтым.
Бура санды бағаналар бұлдырап
Келеді ұшып поезбенен киік түн.
Құр қызына қадалғасын көз құртым,
Жаңа ғана ашып едім өз құлпын.
Тәжікемді табанда үзіп жіберді
Ұйқысынан сергек тұрып жез мұртың:
- Оңай іздеп нәпақа мен несібін,
Бозбалалар бұзылған ғой осы күн.
Жұбайына жат адамның жымыңдап…
Соның үшін сұрау керек кешірім –
Сездіргесін сыздана қап сұс әлгің,
Уәзипалы уәжден енді тұсалдым.
Қыз дегенім келіншегі боп шықты
Бір ғылыми лауазымды бұ шалдың!
Иә, жүрек, мейлің жыла, мың күрсін,
Қазір сенің қасіретіңді кім білсін?!
Жыбырлайды шалыңыздың жез мұрты,
Көзіменен атып отыр құрғыр сұм.
(Шалдың сөзін – қызғаныштың қамы де)
нанталап боп қалды мендік нән үде.
Жалаңдаған қылышы бар қасында
Қалай табам келіншекпен мәміле?..
Кептеліп қап көкейімде құрдым үн,
Көңілімді кіреукелеп тұрды мұң.
Қай тәңірің тастады екен тозаңға
Қыршынынан қырқып алып қыр гүлін?
Іздегендей інжу ұйқас, ырғақ тың,
Жаңбыр асты жуынады жырлап түн.
Мен өзімше топшылаймын түйінін
Өмірдегі осынау бір жұмбақтың.
Шындыққа сабақтасам жыр ұшын,
Жазғырмайды қалың жұртым бұл үшін.
Мансұқ тұтқан көлеңкесін мансаптың
Жылуы жоқ махаббаттар құрысын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter