Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  397


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Бауыржан Момышұлы

…Жүретін жарамсақты сұсы басып,
Серілік сипатына кісі ғашық.
Тиежақ пәтер алды Бауыржанға
Жылаған кемпір қалды ұшырасып.
Шарболат шымырлығын шын әйгілеп,
Керексе танымайтын “Құдайды” көп,
Бес бөлме пәтеріне кірмей тұрып
Сұрады: “Кемпір неге жылайды?”- деп.
Қозғаса күйзелістер қанды кенет,
Табылар дәлелдейтін дәнді дерек.
Көзінен тотияйын тамшылатып
Кейуана кетті жайын әңгімелеп:
“Жарығы ақиқаттың – жанға көрік,
Жатпайын жағдайымды жалған өріп
Қос бөлме пәтерімді қосымша ғып
Қойыпты полковник шалға беріп.
Ақтармай ағайынды, арғы әкені,
Риза боламыз ғой барға, тегі.
Жалғызым оралмады қу соғыстан
Ол бірақ қатардағы солдат еді!”
Отырды кәрі кемпір бүкірейіп,
(Ақталсын аналардың сүті дейік)
Түбінен алпыс түмен ат ойнатып
Баукеңнің шықты мұрты тікірейіп.
Көзінің қарасынан аласы көп,
Тұратын шырайына жарасып от
Саңқ етті отставкадағы полковник:
“Солдаттың анасы – Россияның анасы!”- деп.
Түйілген қабағына кек тығылып,
Көрсетпей есерлік пен епті қылық
“Бұл үйге Момышұлы кірмейді” деп
Қаһарлы таяғына кетті мініп.



(Бұл өлең “Жалын” журналының 1984 жылғы № 5 санында
тағы бір өлеңмен бірге жарық көрген)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу