Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  656


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Хамза Есенжановқа

Төзімділік таба біліп дерт емін,
Төгілмеді маңдайынан тер тегін.
Аға, сенің жармасыпты жағаңа,
Ойламаған опасыздар Ертеңін.
Қылыштан да ауыр тиіп сөз кесек,
(Көрініпсіз бір кездері көзге шет).
Оның бәрін кейінгілер кешпесін,
Оның бәрі – өзектегі өзге сеп.
Тұтақ тағдыр тоспағасын тәбәрік,
Қаталдықты қатал жеңу – жаңалық!
Ақ қарындай өзің басқан Сібірдің,
Шашыңызда ерте кетті ағарып.
Келешек боп көңілдегі қатты арна,
Парыз мені палубаңнан құтқарма!
Алладан да ақиқатқа сеніп ең,
Сол ақиқат сені сүйреп шықты алға!
Жампоздарды жаратқанда нар етіп,
Жасық итке тумысынан тар етік.
Көк теңіздей көктей өтіп кезінде,
Желкеніңіз жығылмады және түк.
Қиғылықтың қара тасы кептеліп,
Барлығына жігер менен жетті ерік.
Азаматтай аяулы жар Софья,
Соңыңыздан жүрмеген ғой текке еріп.
Ірілікпен қаланғасын ірге түп,
Қабырғадан табылмайды бір кетік.
Залалы ащы зауалдардың зәуінде,
Аға, сені отырамын үлгі етіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу