Өлеңдер ✍️
ҮЗЕҢГІ
Берік Жүсіповке
Бітірдің әнге әсемдік, жырға қанат,
Күйіңді және жүрміз мыңға балап.
Танимыз Жүсіпов деп салған жерден,
Газеттен қолтаңбаңа бір қарап-ақ.
Сенім де, сөз де сенде, тарланым-ау,
Қырандай көгіңде еркін самға мынау.
Жайнатар жан-дүниені жырың барда,
Титімдей түспесі хақ арға қылау!
Тұтасып шықпағасын өнер-білім,
Мақам да марғау тартып, көнерді інім.
Ысынан уақыттың тазартып ап,
Жайқалтшы жырдың жаңа нелер гүлін.
Қайта ақтар қабат-қабат ғасырларды,
Қинасаң, қина соған асыл жанды!
Тарту ет, таудай үйіп ортамызға,
Аршып ап шаң-тозаңнан шашылғанды.
Айтпаймын жайдан-жайға мен білмесем,
Көңілім қош: «айтқаныңа көндім» десең.
О баста сөнбей жатқан жалын еді,
Жаным-ай, жарасар еді сен де үрлесең.
Серпіліп серіппедей сілте, Берік,
Жөнелсін жырдың жалы күлтеленіп.
Сыймайсың алты Әлімнің құшағына,
Етпесе өнеріңе ұлт егелік.
Дауысың, тіфә-тіфә, жоқ құрлықта,
Жасқанып шарпуынан оттың бұқпа.
Алтыннан үзеңгіңді құйдым сомдап,
Тәуекел, бір-ақ қарғы доктырлыққа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter