Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  96


Автор: Темірше Сарыбаев

БҰТАҒЫ ЕК БІР ЕМЕННІҢ

Асқар Кіребайұлына
Жүйрігі десе де жұрт Жалағаштың
Бағына туған ұлсың бар Алаштың.
Ел мұңы ет-бауырыңды елжіреткен,
Қамы емес қамықтырған қара бастың.
Сол үшін аласартпай аспаныңды,
Кеудеңнен уыс-уыс шаш лағылды.
Кенім деп кейінгі ұрпақ кеуде керіп,
Жатқа айтсын жырларың мен дастаныңды.
Көтерген көк байрағын ұлы өнердің,
Бұтағы ек жарыса өскен бір еменнің.
Тай мінсең, «тұлпар болсын» дейді қазақ,
Кетпесін мойнымызда тілегі елдің.
Қаңтармай, босат, Асқар, тізгініңді!
Қитыққан заманың да жүз құбылды.
Дүр етсін дария-жыр төңкеріліп,
Дегендей: «Сең қозғалды, мұз бұзылды».
Туласын толқындарың көбік шашқан,
Қадамың құтты болсын сеніп басқан!
Таланттар ел мен жердің туы десе,
Ақжарма ақынымен көрікті аспан.
Тұтасқан топырағыңмен тағдырың бар,
Ағайын айналаңда «ал, құлымдар!»
Сыйынсаң, аруағымен жебеп-желер
Кешегі Кеңесбай мен Даңмұрындар.
Аяғын тең тастаған тектім едің,
Көңіліме өлең сыймай кетті менің.
Алыстан, астанадан аңқылдаған
Ағаңның олқысынба отты лебін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу