Өлеңдер ✍️
Сәкен Иманасовқа
Жан-жағымда жоқ-жұқалау жұрт – десіп,
Аспанға да алаңдайсың шұрқ тесік.
Дара шыңдай дағдарып та тұрасың,
Ойға оранып, белуардан бұлт кешіп.
Арда қалпың,
Елден ерек мінезің,
Жүз ақынды жоқтатпайсың бір өзің.
Көлгір көрсең көтеріліп кетесің,
Өз қолыңмен өлтірердей тірі езіп.
Кімге опа берер дейсің қу жалған,
Қу жалғанды қуа-қуа туды арман.
Туралықтың шарығында қайралып,
Шарболат ең шабуылда шыңдалған.
Әр сөзіңнен табатындай халқың бақ,
Әрлеп, нәрлеп, әшекейлеп, алтындап..
Биік-биік мінбелерден шалқып бір,
Жыр да оқыдың найзағайдай жарқылдап.
Алты алашқа түгел түскен жарығы,
Өзің едің – адалдықтың Ар ұлы.
Көшеге ілген суретіңді көргенде:
«Қайтты-ау, – дедім, – қаламының қарымы».
Қоя тұрып: «әттең-айды», «беу-беуді»,
Доғар мүлде «шал боп қалдық» деуді енді.
Кең төсінде жұлдыздары самсаған,
Көтер көкке көк аспандай кеудеңді!
Жыр-жалынын азайтпасын өрт күшің,
Інімнің бұл ілтипаты деп түсін.
Қызуы мол, қызығы алда қыруар,
Сәкен аға, құтты болсын жетпісің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter