Өлеңдер ✍️
БАУЫРЖАН
Бұрқ етіп бір бұрылса бура бетпен,
Найзағай – қос жанары турап өткен!
Дауысы күн астынан күркірейді-ау
Тәңірдей жаңа түскен тура көктен!
Өзендей өрекпіп ап мың ат кешкен,
Тау ығып, екпінінен бұлақ көшкен!
Шенді ме,
Шекпенді ме – шаруасы жоқ,
Айтарын тоғыз толғап,
Бір-ақ кескен!
Арқалы арғы атасы Көк Түріктей,
Тұра алмас жалын шашпай, от бүрікпей!
Арқардай омырауы оқшау тұрар,
Көмпиген көмештермен көп бірікпей!
Жалт етсе,
Жанарының сұсы қандай?!
Қадалса, қалтыратар, ұшырардай!
Адам ба?!
Аруақ па?!
Аң-таң қалпың,
Тұрасың ә дегенде түсіне алмай?
Неткен күш?!
Неткен жігер?!
Неткен сенім?!
Сөздің де сорғалатып төккен селін!
Халқының даналығын аспандатқан:
«Әр қазақ бауыр етім, – деп, – бөлшегім!»
Қалжыңмен қағытқанда қатарласын,
Білетін қайтып бері бата алмасын.
Алқада арқа-жарқа масаттанып,
Күлімдеп, көтеруші еді атан басын!
Ұлтының қаяу салмай мәрттігіне,
Күнмен – күн, таңмен – таң боп атты бірге!
Жампорсу,
Жағымпазсу – жанына дерт!
Маңына жолатпайтын жатты мүлде!
Папахы – Алатаудың дара шыңы,
Қазағы, қайран жұрты – бар асылы!
Сыртынан сұқтанатын сұлулар да,
Дос-жары көп болатын, жанашыры!
Өмірдің тосты алдынан сан сынағы,
От кешті, оқтан да, рас, қансырады!
Ажалдан, алапаттан алып шықты
Ақылы,
Өр қайраты,
Нар шыдамы!
Жалғанды жалпағынан жаншып өткен,
Бұтағы ең қарағайдың қарсы біткен!
Қайтейін, қамау терін кезінде алмай,
Түбіне хас тұлпардың қамшы жеткен!
Білмесем, мен ештеңе демес едім,
Жұлдызың кештеу жанды неге сенің?!
Өзіңді иісі қазақ айбын тұтқан,
Елдің де көшін түзер егесі едің!
Бәрі өтті...
Өң мен түстей өтті бәрі!
Тарих мойнына алды көп кінәні!
Жанымды қоярға жер тапқызбайды
Солақай сол дәуірдің соққылары!
Ұрпаққа – ісің үлгі,
Атың – ұран!
Абырой суси қоймас тақымыңнан!
Күн туса қысылтаяң,
Жасынша ойнап,
Жарқ етіп шығардайсың шатырыңнан!
Бізге де таяу шығар бір жақсылық,
Қайтеміз ашық күнге мұң жапсырып?!
Ұлтыңды,
Нәсіліңді,
Зәузатыңды
Жіберер бір Бауыржан жымдастырып!
Күндесін,
Күңкілдесін күдіктілер,
Көңіліне имандының үміт түнер!
Бауырына ап бар қазақты екі ұдайда,
Бауыржан деген даңқың
Біріктірер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter