Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  138


Автор: Темірше Сарыбаев

ӨЛЕҢНЕН ОРДА ОРНАТЫП

Тайыр Жароковтың 100 жылдығына
Жаманға сырды ағытпай,
Заманға жанды қарытпай.
Мінбеде мүлде өзге едің,
Қиялдан туған алыптай.
Жанарың жалт-жұлт шоқтанып,
Шоғыңнан жұртқа от дарып.
Тайыры шықса ортаға,
Таңданбай қалған жоқ халық.
Қияға самғар қырандай,
Теңселіп, толқып тұра алмай,
Жырыңның жойқын eкпіні,
Ecтілуші еді ұрандай.
Қаққанда шабыт-қанатын,
Тыңдаушың ләззат алатын.
Әр сөзің алмас қылыштай,
Жайтаңдап, жарқыл қағатын.
«Тасқынды» қай күш бөгемек?!.
Асауды міндің өрелеп.
Айызын көптің қандырып,
Айтарыңды айттың шегелеп.
Бұйдасын тарттың бip көштің,
Дәуірмен даусыз үндестің.
Аймен де жалғыз сырласып,
«Күнмен де өзің тілдестің».
Алыстап жастық албырт күн,
Санасын cepпiп салғырттың,
Ындынын шөлдің ылғалдап,
«Жапанда орман жаңғырттың».
Қолымен отты күреген,
Темірбектерің – тірі өлең!
Лебімен шойын балқытып,
Еліне ырыс тілеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу