Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  128


Автор: Темірше Сарыбаев

ЯССЫ БАЛЛАДАСЫ

Тағдырға, сірә, шек бар ма,
Әріден жеткен бұл бір сыр.
Тіршілік деген көкпарда
Көзіңнің жасы күнде ыршыр.
Айырмас дос пен қасты да,
Аярға біткен – қараң күш.
Ертеде біздің Яссыда
Болыпты дүлей жаналғыш!
Шығармай у-шу, айғай түк,
Түн жортып түзге беттеген.
Қаһарға мінсе қайқайтып
Соққаны тірі кетпеген.
Пейілі біткен ласталып,
Шыққандай көрден, моладан!
Керуен көрсе бас салып,
Жәукемдеп, жалғыз тонаған!
Уақыт тапшы.
Ол – анық!
Созамыз жырды несіне?!
Тәубеге тілі оралып,
Түсіпті Тәңірі есіне.
Есіткен жұрттан емескі
Қара аспан жақта қарт бар деп.
Берген ғой біреу кеңесті:
«Сырыңды соған ақтар», – деп.
Түстеніп, қонып, аралап,
Келіпті шалдың еліне.
Жолықты дейді дана қарт
Сақалы түскен беліне.
Айтыпты бүкпей расын,
Жеткізген сырын ұтырлап.
Кешер ме Тәңірі күнәсін,
Тозақтан қалай құтылмақ?!
Шал айтты:
– Балам, бар айла!
Бақ өсір шөлге, жайқалсын.
Еңбегің келсе орайға,
Өзің де бір гәп байқарсың!
Жеміс жеп, шөлін басқандар
Аямас сенен дұғасын.
Иманың шалқып, аспандар,
Тозақтан күймей шығасың!
...Абызбен қимай қоштасты,
Баябан шөлге беттеді.
Даламен жақын достасты,
Жарқылдап күнге кетпені.
Жанына тыным бермеді,
Күйдірген аптап, от демей.
Моншақ та моншақ терледі
Еккені еш боп, көктемей!..
Әкелген барлық көшетті:
Шабдалы, алма, қараөрік.
Шығарған іштей есепті,
Шығатындай-ақ бәрі өніп!
...Осылай болар деп пе еді,
Дақылдың сырын кім ұққан?
Судан да кенде етпеді,
Шығармен айдап құдықтан.
Парызы қалай өтелмек,
Бақандай бес жыл қалды артта.
Белін де алды бекемдеп,
Тозаққа тура бармаққа!
Сондай бір сәтте қиырдан
Көзіне қара іліккен.
Пірлерге диқан сыйынған
Жарқ ете қалған үмітпен.
Жолаушы сырын сездірмей,
Көрсеткен бұған паң қылық.
Қорлады мұны көзге ілмей,
Сәлемін жерде қалдырып!
Қолында дойыр бүктеулі,
Сермесе қаны сау етер!
– Қырқының қаны жүктеулі,
Қырық біріне?..
Тәуекел! –
Деді де, әбжіл жалаңдап,
Ізінен қуды әлгінің.
Тірлігін тұздай тәмамдап,
Оп-оңай шепіті «тағдырын».
Оралса – бағы мәуелеп,
Самсата салған жемісті!
Диқанның көңілі әуелеп,
Түзеді қартқа өрісті.
Тыңдапты қарт та көп көрген
Әр сөзін әдеп, байыппен.
– Өтіпсің, – депті, – өткелден,
Жаныңды жалдап қайықпен!
* * *
Ол сенен есен кеткенде
Шайқалар еді құт анық!
Межелі жерге жеткенде
Кетуші ед соғыс тұтанып!
Ібіліс еді ол әуре еткен,
Үркітіп бақты қонатын.
Бұл жолғы қырғын нәубеттен
Қырық мың құрбан болатын.
Риза боп әлгі ісіңе,
Төккен ғой Алла бауға нұр!
Шәк қойма Хақтың күшіне,
Сәждеге жығыл,
Тәубе қыл!
Озбырдың алдын он орап,
Ождансыздарға жол берме!
Дулығаң доптай домалап,
Қалса да басың сол жерде!
Жауың да пәс боп кішірер,
Қалдырмас сені үлестен.
Қадіріңді ит те түсінер,
Ізгілік үшін күрессең!
Сабырды сая тұт, балам,
Шыдамнан асқақ шың да жоқ!
Өрттен де өзім құтқарам,
Сөз емес лаулап тұрған от! –
Депті де қария, біртіндеп
Айнала берген ғайыпқа.
Жүрегі соққан жұртым деп,
Жырламау қартты лайық па?!
* * *
Білмесең бізді шаршатпа,
Сөзге бір сақи, жомартым.
Жүгіртіп жүрміз сан-саққа,
Қыдыр екен ғой со қартың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу