Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  119


Автор: Темірше Сарыбаев

КЕШІКТІҢ

Кешіктің, кешіктің сен, неге келмей?
Сағыныш бара жатыр еге бермей.
Басқаны ұмытарсың, ұмытпассың,
Қалуым мүмкін емес мен еленбей.
Өзіңді әнге орап ем, жырға бөлеп,
Алдыңда асу бермес тұр ма бөгет?!
Кезіме бір көрінбей кетпекпісің,
Қайырлы қуанышымның құндағы деп...
Қайысар қайғы ғой бұл жүздің белі,
Өтіп тұр өңменімнен күздің желі.
Әдейі жасап жүрген айлаң шығар,
Өзіңнен күдерімді үздіргелі.
Уақыт емдеп жазар жарамды әлі,
Сауығып, қайта самғар жан арманы.
Өшпестей өмір кештік дейтін едік,
Бұлдырап бара жатыр маған бәрі.
Өткеннің бәрі өтірік көрген түсім,
Көрмеп ем достан қағу, елден қысым.
Бас ауған жаққа бар да барқадарла...
Сен болсаң,
Бәрекелді,
Сенген құсым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу