Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
123
МАХАББАТТЫҢ АСПАНЫ
Махаббаттың ашық әр кез аспаны,
Ол білмейді бір өзінен басқаны.
Болмайды онда «мынау кедей, мынау бай»,
Болмайды онда жұрт айтқандай жас-кәрі.
Ол әмірін екі етпейді жүректің,
Бізге жұмбақ бар бойында бір екпін.
Байқадың ба, келгеніңде бетпе-бет,
Талай рет ток соққандай дір еттің.
Көрсе, сені көңілімен көреді,
Өлмейді оның, өзі өлмесе, өлеңі!
Жалғыз емес, жүреді ылғи жұбымен,
Бұрымын да қос өрім ғып өреді.
Оның шыңы –
Басқа шыңнан асқақтау,
Оның заңы –
Айттың екен – бас тартпау!
Оған қайшы –
Сынық іздеу сылтауға,
Оған қайшы –
Уәдеңнен қашқақтау.
Оның айы – ай болғанда – алтын ай,
Қарау оған мүмкін емес шалқымай.
Қарау оған мүмкін емес ерімей,
Қарау оған мүмкін емес балқымай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter