Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
116

СЕН ДЕ ҚАТТЫ ҚЫСЫЛДЫҢ...
Сен де қатты қысылдың,
Мен де састым,
Сәл тимей-ақ қалғаны-ай жерге бастың.
Қуыршақтай құнтиған сол қалпыңмен
Жыр пернесін жанымның тербеп аштың.
Даусым жарқын шықпады бұрынғыдай,
Деу де кештеу еді рас «мұның былай».
Жел елп етсе, желп еткен дір-дір етіп
Үлбіреген ұяттың шымылдығы-ай.
Жиегіне келгендей от кемердің,
Көп қиналдың,
Қасымда көп бөгелдің.
Жұртындағы ботадай жәудіредің
Көшін бастап күн шықпай кеткен елдің.
Жанарыңда от шашқан, алаулаған
Күдігің де көлденең бар-ау маған.
Алып-ұшып келгенде арсалаңдап,
Көңіліңнен шықпады-ау қалаулы ағаң.
Уақыт айтар бұл сәттің ақ-қарасын,
Сол қалпыңмен есімде сақталасың.
Өмірдің де қызығы өтті-кетті,
Жүрегіңде жыр тулап жатпағасын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇