Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
94
БОЛМАЙТЫНДАЙ ЖАНБАСАМ...
Бүйірімнен бір шаншу қадалғалы,
Тұра алмайды тыпыршып қалам-дағы.
Жалыным да лапылдап бұрынғыдай,
Жарқылым да көбейді жанардағы.
Қалың ойға малтығып қамалғалы,
Сәулелер де себездеп санамдағы,
Отқа орана беремін ойда-жоқта,
Шешілмейтін жұмбақ қой саған бәрі.
Көңілім де күй шалып күмбірлеген,
Шектеулі өмір!
Шешімін кім білмеген?!
Бір пәлені бейуақ бастап алып,
Бітері де беймәлім жырдың немен.
Болмайтындай жанбасам, маздамасам,
Қай-қайдағы жабулы қазбаны ашам.
Жерұйықты еліне тауып бермей,
Демін қалай алады жазған Асан?
Өлеңіме кенелсін Байсын-Далам,
Құт құшағын қайтадан жайсын маған.
Ақын барда төсіңде асып-тасқан,
Соныңмен-ақ сарқылмас байсың, ғалам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter