Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  333


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕН МАҒАН РЕНЖІМЕ...

Сен маған ренжіме үндемесем...
Елеспін,
Құр қалқиып жүр демесең.
Ондайда қиялымда құйын ойнап,
Жымдасып жырларыммен бірге көшем.
Сен маған ренжіме үндемесем,
Өзіме-өзім үкім күнде кесем.
Әйтсе де, құшағынан босатпайды
Өзімшіл өлең атты гүл-жеңешем.
Сен маған ренжіме үндемесем,
Отымды кім маздатар, үрлемесем?
Сөзіме күмәндансаң, сенбей-ақ қой
Жыл сайын алып жүрген жүлдеме сен.
Сен маған ренжіме үндемесем,
Жүрмейін маңайыңнан, жүрме десең.
Көңілімді жалғыз жаулап жатарың хақ,
Бәрібір күндіз де сен,
Түнде де сен.
Сен маған ренжіме үндемесем,
Ойлармен отқа оранған іргелесем.
Жүректе жыр жатқанда қиянат қой,
Кезімнен кеш қалсам да, гүлдемесем,
Сен маған ренжіме...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу