Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
108
АҚ ДИДАРЫҢ РАУЛАНЫП
Алтындай ақ дидарың рауланып,
Көңілімді көптен бері жүр аударып.
Жымыңдап жазғы аспанның жұлдызындай,
Жанарың жауһарланып тұр-ау жанып...
Сендегі сұлу еді сезім қандай,
Қадалып қарадым да көзімді алмай,
Тағы да жанарыңа ынтықтым кеп,
Ішінде сол жанардың өзім бардай.
Қайтсем де жеткізе алман сөзбен сені,
Теңеудің таптырмай тұр өзге өлшемі.
Көңілім көк шарлаған жерге құлар,
Бейуақ таса қылсам көзден сені.
Білмеймін, неге сонша арбаламын,
Мен білмес бір құпияң бар ма, жаным?
Елпілдеп, ебелектей құрақ ұшам,
Төсінде түтеленіп сар даланың.
Қыраудың жапқаны рас шашымды анық,
Отырсам деймін іштей қасыма алып.
Бақытым – бәрінен де өзің жайлы
Ойларды қайта жинау, шашып алып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter