Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  148


Автор: Темірше Сарыбаев

УАҚЫТ-АЙ...

Уақыт-ай,
Сумаңдаған ұрым-ай,
Екі ұртыңның біреуі – қан, бірі – май.
Шақпақ таспен шағып кетіп барасың
Күндерімді күл-парша ғып шыныдай.
Екпініңе төтеп бермей шыдамым,
Оқпаныңа талай мәрте құладым.
Жазсам деп ем өмір жайлы бір дастан,
Айтсам деп ем махаббаттың бір әнін.
Соғар деген сәттерімді күтумен,
Жүрегімді келем жүндей түтумен.
Сақтай алсаң, сақта, Тәңір, сен мені
Айтарымды айтып болмай бітуден.
Қас пен көздің арасындай өмір-ай,
Сол өмірге алабұртқан көңіл-ай.
Ашық күнде аспанымды тұмшалап,
Қинауыңды қоймадың-ау сен ұдай!
Төңірегім тастұманнан аршылар,
Жырға айналар жүректегі тамшылар.
Шыққан күндей,
Атқан таңдай арайлар,
Менің де бір шалқыр сәтім бар шығар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу