Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
125
БІР ТАМШЫ ЖАС
Бір тамшы жас жанарыңнан ыршыды,
Соның маған әлі жұмбақ қыр-сыры.
Алпыс екі тамырымды тулатып,
Толғандырды-ау тозған жүрек-жыршыны.
Тұрды тамбай, тұрды тамбай, мөлдіреп...
Сөйлеп тұрды ол, сенесің бе, соңғы рет.
Қашан тамып түскенінше тіл бітіп,
Миымды да, жүйкемді де тұрды жеп.
Менің қамсыз көңіліме қайғы сап,
Кірпіктерің айқасты да айқұшақ.
Турап түсті...
Сорғалады бетіңнен
Тарау-тарау отқа еріген майға ұсап.
Сол тамшының алдында мен тірі өлдім,
Білмей далмын, қандай қате жібердім?
Сен де аз-кем жауар бұлттай түнердің,
Мен де амалсыз тығырыққа тірелдім.
Күткенім де, көрмегім де жас па еді,
Жастан өңге жоқ па өмірдің басқа емі?
Жаңбырлардың арасында жоғалтпай,
Шамаң жетсе, қайта зерттеп, аш мені!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter