Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  100


Автор: Темірше Сарыбаев

АУЫР ҒОЙ МАҒАН...

Ауыр ғой маған...
Ауыр ғой бәрі, ауырлау...
Жалғыз серігім ақылым да естен жаңылды-ау.
Жаныңды қояр жер таба алмай жүргенде,
Азап екен ғой қасыңнан бір дос табылмау.
Көнбейтін не бар, түскесін басқа, көнем де,
Алдаспан сынды ажал тұр төніп төбемде.
Қайырлы ғұмыр – қалған ұрпаққа деймін де,
Орнымды беріп кете барамын өлеңге.
Қабірім анау топырағы торқа жастанар,
Дұғасын оқыр тұсымнан өткен басқалар.
Өзім кетермін,
Қанатын қомдап қайта ұшқан,
Өлмейтін мәңгі өлең-өмірім басталар.
Өлмейтін мәңгі өлең-өмірім басталар,
Сыр айтар саған,
Жанарыңды мөлдір жас қамар...
Екі өмір сүру – ақынның ғана еншісі,
Қайтып келмейді бай менен бектер, патшалар.
Ойласаң еркің өзіңнен мені бөлек деп,
Мен сені жүрем өлеңімменен өбектеп.
Қоштасу үшін қолыңды соза бергенде,
Сол жағын бірақ шамаладың ба сен ептеп?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу