Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  157


Автор: Темірше Сарыбаев

ТУМАЙДЫ ӨЛЕҢ

Қалың ойлар тұмандай тұмшалаған,
Серпілмейтін не болды,
Мұнша маған?!
Шалқарында шабыттың
шарқ ұратын,
Шырқай алмай, шынында,
Жүр шағалам.
Бақытымды баптаулы,
Басқа алардай.
Тұнжыраймын түтігіп,
Тас қамалдай.
Адасатын сияқты абыржимын,
Ақ желкенін арманның басқара алмай.
Менің құйттай құсым-ау,
Қорғалаған.
Қанатыңда қан ба анау,
сорғалаған?!
Қайтадан бір самғайық,
Қалықтайық,
Көрсін достар көп күткен
сол жағадан.
Бәлкім, бірі біздерді табалауда,
Бәлкім, бірі жетер деп шамалауда.
Сермейікші топшыға тыным бермей,
Ұшайықшы,
Ұшайық жағалауға.
Қомдамайсың қанатты,
Қорқасың ба?!.
Қоясың ба мені әлде жорта сынға!
Арпалысып кеудемде
Арман, Күдік,
Жанып келем екі
оттың ортасында.
Қаптамайды қалың
жыр топандаған,
Кенім қанша кеудемде,
Қопармаған?!
Омырылып отырмын ойға малтып,
Меңіреумін мылтықтай,
От алмаған!
Тумайды өлең,
Тумайды.
Масқара-ау бұл!
Не дер екен басқа жұрт,
Басқа бауыр?!
Еңсемді езген егделік емес әзір,
Еңкейтетін ойларым – Тастан ауыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу