Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  569


Автор: Темірше Сарыбаев

АРМАН ЖОҚ, АДАЛДЫҚТАН АРЫП-АШСАМ...

Таппадым, таппадым мен,
Басқа амалды.
Мақсатың – бір шығару,
Масқарамды!
Көңілім саған деген –
Көзтүрткісіз,
Сарайым саған деген –
Тасқараңғы.
Бұл күнде ішім – жалын,
Өртті – өзегім.
Алқынған ашуымды көп тежедім.
Дос санап,
Қайдағыны туыс тұтқан,
Өзімді ақымақсың! –
Деп те жедім.
Ертерек ерттеп мінгем арман атын,
Жырым бар,
Жырым барда–
Бар қанатым!
Сен болсаң –
Шалшықтағы борсыған су,
Мен болсам –
Дариямын алға ағатын!
Тым алшақ мақсатымыз,
Мүддеміз де,
Жүретін жол жоқ енді,
Бірге бізге.
Жаралап жарқыраған жүрегімді,
Іріткі құйған да өзің,
Іргемізге.
Мен едім
Қиянатқа қаны қас жан,
Арман жоқ,
Адалдықтан арып-ашсам,
Хантәңірі – қасиетімді кемітпесем,
Бақыттың тая қоймас,
Бағы бастан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу