Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  113


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖАЗА АЛМАДЫМ КЕЗІМДЕ...

Жаза алмадым кезімде жалын атқан,
Кежірліктің кесірі кәрі қақпан.
Көңілімді қайтейін астаң-кестең,
Жүрегімді қайтейін жанып жатқан.
Сезім суып,
Сыр кеміп,
Сабыр қашқан.
Қияметтің өткердім бәрін бастан.
Тіршілік деп жүргенде түк бітірмей,
Елу келді-ау, етегін сағым басқан!
Қолда кісен жоқ еді,
Баста бұғау,
Егде тартқан елірдім жаста мынау.
Уақытын уыстан шығарып ап,
Умаждалған тағдырға қасқамын-ау!
Өлең күтті...
Күтті өлең, бар – білерім:
Ауыр-ауыр күрсініп алды демін.
Аласұрған сәтінде айла таппай,
Елжіреді ет-бауыр, жан-жүрегім!
Сабылып кеп іздеді, дүрмектерден,
Дүрмектерден бәріміз бірге өткерген.
Сағынып кеп сұрады
Гүл – Көктемнен,
Сылаң етіп шығар деп, бір бөктерден...
Күн де болып нарттанды кемердегі,
Ай да болып телмірді төбемдегі.
Қиындықтан шығысар, келер деді.
Қол ұсынсам – қолтықтан демер ме еді?!.
Айналайын өлеңге,
Мен өйтпесем –
Көрде тыныш жатқызбас өнер мені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу