Өлеңдер ✍️
АҒАЛАР ҚАЙДА?
Еңкейді небір еңселі шың мен биіктер,
Соғыс-ай, неткен сұрапылды едің, күйікті ең,
Ағалар қайда, әкелер қайда кешегі?
Көк аспанымды көтеріп жүрген иықпен?!
Жеріме емес, жүрегіме орап іздерін.
Сағынып қанша, сарылып қанша іздедім.
Көктемде кейде көңілсіз күйде тұрам мен,
Көргенде мынау оралған құстар тізбегін.
Кеудемді кекпен кернесе ызам жұлмалар,
Үзілмей жүрген үміт те менде, мұң да бар.
Батысқа әркез қараймын жиі жаутаңдап,
Болатындай-ақ белгісіздерден бір хабар.
Сұм соғыс сенің, тек ғана сенің айыбыңнан,
Күлкім де менің басталған екен қайғымнан.
Сондықтан болар, шаңдатып ылғи жатады,
Боз інген далам боздақтарынан айырылған.
Еңкейді небір еңселі шың мен биіктер,
Соғыс-ай, неткен сұрапылды едің, күйікті ең,
Ағалар қайда, әкелер қайда кешегі,
Көк аспанымды көтеріп жүрген иықпен?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter