Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  141


Автор: Темірше Сарыбаев

АРЫМСЫҢ МЕНІҢ, АЛМАТЫМ

Сілтесем тілім тасқа өткен,
Кезегі келді жанитын.
Тәуелсіз елдің әспеттеп,
Өлеңмен жазам тарихын!
Желкілде, жырдың шудасы!
Көтеріл, бүгін көкке өлең!
Бабамның аппақ бурасы,
Бұл жерге бекер шөкпеген!
Тіл біткен тауға, тасқа да,
Тәңірден түскен бір ақпар!
Осылай туған астана,
Жарқылдап жұлдыз шырақтар!
Жемісі желге жайқалып,
Дегізген жердің жәннаты!
Омырауын көкке айқарып,
Асқақтай келген Алматы!
Әлемге кеткен атағы,
Алқызыл алма – бақшаң-ай!
Аймалап, құшып жатады,
Айдыныменен Қапшағай!
Арқа да жарқа әз халқы,
Тотыдай түлеп гүл-бағы!
Алатау риза,
Мәз қалпы!
Шалқая түскен шыңдары!
...Мұхтарым ойға оранып,
Қанатын қаққан ән – Күләш!
Димаш пен Қаныш – сом алып,
Қырандар көкте қалғымас!
Туыңды төмен түсірмей,
Көтерем қарым талғанша!
Пір тұтқан мәрмәр мүсіндей,
Аруақтарым бар қанша!
Шалқыған иман – нұрымдай,
Арымсың менің – Алматым!
Шырқырап ұшар шыбындай,
Жанымсың менің – Алматым!
Сусылдап шашы төгілсе,
Қандай көз оны құтқарар!
Алматы – Ару керілсе,
Қартаңдау Лондон сұқтанар!
Лып етсе жырдың жарығы,
Ентелей ескен таудан жел!
Алматы дейміз...
Анығы –
Алланың нұры жауған жер!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу