Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  137


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖЕЛТОҚСАН ЖАЛАСЫНА ЖАУАП

Бәленің бәрін жап маған,
Боқтығың болса, үйе бер!
Өзіме аян; ақ, қарам,
Арым бар – арқа сүйенер!
Беріп бақ бүгін бағаңды,
Болайын мен-ақ маскүнем!
Жыртып-ақ біткен жағамды,
Қанымды да ішкен қасқыр ең!
Аямай қарпы, сал азу,
Қақпайды ешкім қолыңнан.
Көргенмен кем күн қағажу,
Туады айым оңымнан.
Жамай түс, жыртық жалаңды,
Жаңа емес көрген құқайым.
Сенімім итке таланды,
Мұңымды да ішке жұтайын.
Дүние кезек, айналма,
Тағы да дерсің, құс дерсің!
Басыңнан бағың тайғанда,
Бармағыңды анық тістерсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу