Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  111


Автор: Темірше Сарыбаев

ҮКІМ

Быт-шыт боп жүр онсыз да жырдан басым,
Ешкім маған бәлсініп, бұлданбасын!
Аянатын жайым жоқ,
Жалғыз медеу –
Үлпілдеген үмітім ұрланғасын!
Қажеті жоқ желбуаз Жарғылардың,
Жарғы өзіңе! Басыңды даң қылармын!
Үлесін бер, үргедек Момындардың!
Ақысын бер, алдымен Арлылардың!
Солар қолдан жасаған бар байлықты,
Қарашықтай қастерлеп,
Хандай күтті!
Етегі елпі жинаған иен дәулетті,
Иемденбек қане, кім, қандай мықты?!
Шық, ортаға! Жоныңа шоқ қарылар.
Жанарыңда кіреуке, жоқ па мұнар?!
Қара халқың іргеңнен сөгілмесін,
Бір қисайса – қаныңды соқта қылар.
Аш көзіңді!
Аша түс!
Аш тағы да!
Қалбаңдамай қайта отыр,
тас-тағыңа!
Көзіңді сал, көгіне тұнжыраған,
Ақылыңмен бір қара, аспанына!
Бүгін үшін күресті,
Ертең үшін!
Өзек жара ойлайды өркен ісін.
Қазынасын халықтың
тоз-тоз етпей,
Таразыңа қайта тарт,
Өлшегішім!..
Бұлтаңдама!
Бәрібір айлаң да артпас!
Халық – құдай!
Қасарса – тайраңдатпас!
Жуастарды біледі жүндейтінін,
Қасқыр шапқан қойға ұқсап,
Жайрап жатпас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу