Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  192


Автор: Темірше Сарыбаев

ҚАР ЖАУЫП ТҰР...

Қар жауып тұр.
Япыр-ай, жоқ тағатым,
Жарым жолда қалғандай
тоқтап атым.
Жауған қармен жарысып,
Қалбалақтап,
Қиялдарым қағады от қанатын.
Қар жауып тұр.
Бір кіріп – бір шығамын,
Көз ілмедім,
Түн бойы, тыншымадым.
Сайратуға асықтым сандуғашты,
Жүрегімнің кішкентай жыршыларын.
Қар жауып тұр.
Жаныма арман серік!
Шырағымды жағып жүр қалған сөніп.
Айғайлайды анашым әбігер боп,
Кімге тастап кеттің – деп,
Қарғам сеніп?!.
Қар жауып тұр.
Жер – мынау, аспан – анау.
Басылатын емес қой бастағы алау.
Жалғыз сен – деп келгенде бауырыңа,
Неге үйіріп тартпадың, астанам-ау!
Қар жауып тұр.
Тау да аппақ, еңіс те аппақ.
Аппақ әлем келеді тегіс қаптап.
Жан дүниесі осылай жаңарғанда,
Адамзат та мәңгілік жеңіс таппақ.
Олай ойлау – қателік, мүмкін емес!
Аздырады адамды құлқын егес.
Сен иілсең, қасарып, ол шалқайып,
Кер кетеді, көнбейді, ырқыңа еш!
Тойымсызбыз,
пендеміз – жыртық өңеш!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу